
Коронавирус індетінің екінші кезеңіне дайындық мәселелері бойынша кеңесте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев денсаулық сақтау саласын жедел цифрландыруды тапсырды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Бүгінде бірқатар тапсырманы орындау асыра сілтеушілік байқалады. Айталық, «СҚ-Фармация» мен Медициналық сақтандыру қоры бойынша қылмыстық тергеуге байланысты денсаулық сақтауды цифрландыру іс жүзінде тоқырап қалды. Қазіргі уақытта Қаржы министрлігі Қаржылық мониторинг комитетінің қылмыстық істі тергеу және сотқа дейінгі тексеруі аясында Денсаулық сақтаудың интеграциялық тұғырнамасына қандайда бір өзгертулер енгізуге бағытталған барлық іс-әрекет тоқтап тұр», - деді ҚР Президенті.
Мемлекет басшысының атап өтуінше, қазіргі жағдайдағы интеграциялық тұғырнама мәліметтерін тіркеу арқылы интеграциялық тұғырнаманы алмай және интеграциялық процестерді тоқтатпай-ақ қылмыстық тергеу жүргізуге техникалық мүмкіндік бар.
«Бұл мемлекеттік органдардың келісілмеген іс-әрекетін білдіреді. Олардың әрқайсысы ведомстволық мүддені алдыға қойып отыр. Әсіресе қазіргі уақытта бұл мүлде жол беруге болмайтын жағдай. Мәліметтерді жинау қол күшімен жүргізілуде. Медициналық ұйымдар арасында ақпарат алмасу, індет бойынша толық цифрлық картина жоқ. Үкіметке, Президент әкімшілігіне қысқа уақыттың үшінде аталған проблеманы шешу қажет. Бұған қоса, медицинаны цифрландыру, мәліметтер базасын интеграциялау, үйде ем алып жатқан пациенттерге мониторинг жүргізу жүйесін құру үшін жауапкершілікті ешкім де алып тастаған жоқ. Күні кеше Цифрлық даму министрін қабылдадым. Ол маған денсаулық сақтауды цифрландырудың жаңа әдістері туралы баяндады. Оларды іс жүзінде жүзеге асыруға кірісу қажет деп санаймын. Жалпы, жоспар жақсы. Енді оны жүзеге асыру қажет», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
