11 мау, 2025 сағат 15:23

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Словакия Премьер-министрі Роберт Фицомен келіссөз жүргізді

Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге ресми сапармен келген Словакия Премьер-министрі Роберт Фицоны Ақордада салтанатты түрде қарсы алды, деп хабарлайды Ult.kz.

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Словакияны тығыз ықпалдастық байланыстыратынын атап өтіп, екі ел ірі жобаларды жүзеге асырып жатқанын айтты. Дегенмен тиісті деңгейде зерделеп және болашақта қолға алатын жаңа бағыттар да бар болуы мүмкін екенін тілге тиек етті.

"Сондықтан Сіздің бұл сапарыңызға ерекше мән береміз, сондай-ақ екі ел арасындағы ынтымақтастықты дамытуға ықпал етеді деген сенімдеміз. Сіздің еліңізбен қарым-қатынасты жоғары бағалаймыз және Словакияны Қазақстанның Еуропа Одағындағы негізгі серіктестерінің бірі санаймыз. Сол себепті, мен Президент ретінде мемлекеттеріміз арасындағы ықпалдастықты түрлі салада кеңейту үшін бар күш-жігерімді саламын", – деді Мемлекет басшысы.


Өз кезегінде Роберт Фицо президентке қонақжайлық танытқаны үшін зор ризашылығын білдірді.

"Елдеріміздің саяси ұстанымында алшақтық жоқ екенін растаймын. Сондықтан өзара тиімді экономикалық байланыс пен достыққа баса мән беруіміз керек. Бүгін біз қос тарапқа да қызықты әрі маңызды бірнеше жобаны талқылаймыз. Бұл сапарымның қорытындысы табысты болатынына сенімдімін", – деді Словакия Премьер-министрі.