Фото: Ақорда
Мемлекет басшысы қазақстандықтарды Ұлыстың ұлы күні – әз-Наурыз мейрамымен құттықтап, мерекенің мән-маңызына тоқталды деп хабарлайды Ult.kz.
Президент өз құттықтауында:
«Баршаңызды Ұлыстың ұлы күні – әз-Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын!
Әз-Наурыз – тазару, жаңару уақыты. Тазалық – мән-мағынасы кең ұғым. Бұл – ең алдымен, ой тазалығы, сана мен ниет тазалығы деген сөз», – деп атап өтті.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы «Таза Қазақстан» бастамасының қоғам тарапынан кең қолдау тапқанын айтып, оның маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, бұл жоба тек науқан емес, елдің тұрақты идеологиялық бағытына айналуы тиіс.
Президент Қазақстанда ауқымды өзгерістер кезеңі басталғанын атап өтіп, конституциялық реформалардың тарихи маңызын ерекше бағалады. Сонымен қатар жаңа Конституцияның ел болашағы мен жас ұрпақ үшін маңызды құжат екеніне назар аударды.
Құттықтау соңында Мемлекет басшысы елге амандық, жерге тыныштық тілеп, Қазақстанның өсіп-өркендеуіне сенім білдірді.
