Фото: Ақорда
Бұл - заңда белгіленуі тиіс. Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың V отырысында осылай деді, деп хабарлайды Ult.kz.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияға енгізілетін өзгерістердің ауқымды болуына байланысты Конституциялық комиссия құру туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді.
Президенттің айтуынша, бастапқыда парламенттік реформа аясында Ата заңның шамамен 40 бабына өзгеріс енгізу жоспарланған. Алайда жұмыс барысында түзетулер көлемі әлдеқайда кең екені анықталған. 2022 жылғы реформа кезінде Конституцияның 33 бабы жаңартылған болса, алдағы өзгерістер бұдан да ауқымды болмақ.
«Біз, шын мәнінде, жаңа Конституция қабылдаумен пара-пар қадам жасамақпыз. Сондықтан Конституциялық комиссия құру туралы шешім қабылдадым. Арнайы Жарлыққа ертең қол қоямын», – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәлімдеуінше, комиссия құрамына 100-ден астам адам енеді. Олардың қатарында Ұлттық құрылтай мүшелері, белгілі заңгерлер, бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары, аймақтық мәслихат төрағалары, қоғамдық кеңес өкілдері және өзге де білікті мамандар болады. Комиссия жұмысына Конституциялық соттың төрағасы жетекшілік етеді.
Президенттің сөзінше, комиссия барлық ұсынысты саралап, жүйелеп, нақты конституциялық өзгерістердің жобасын әзірлейді. Осыдан кейін жалпыхалықтық референдум өткізу мерзімі айқындалады.
