26 жел, 2025 сағат 15:38

Мемлекет басшысы Премьер-министр Олжас Бектеновті қабылдады

Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Премьер-министр Олжас Бектеновті қабылдап, бұған дейін берілген экономикалық реформаларды жүзеге асыру және азаматтардың әл-ауқатын арттыру жөніндегі тапсырмалардың орындалу барысы туралы есеп тыңдады, деп хабарлайды Ult.kz.

Үкімет басшысы Мемлекет басшысына еліміздің биылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының алдын ала қорытындыларын баяндады. Президенттің экономиканы әртараптандыру жөніндегі тапсырмасын орындау нәтижесінде ішкі жалпы өнім өсімінің 70 пайыздан астамын өнеркәсіп, сауда және көлік салалары қамтамасыз етіп отыр.

2025 жылдың қаңтар–қараша айлары аралығында көлік қызметі 20,3 пайызға, құрылыс саласы 14,7 пайызға, сауда 8,8 пайызға, ауыл шаруашылығы 6,1 пайызға, ал өңдеу өнеркәсібі 5,9 пайызға өскен. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 18,5 трлн теңгеге жетіп, жеке инвестициялар 9,8 пайызға артқан.

Сондай-ақ Олжас Бектенов Үкімет, Ұлттық банк және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің 2026–2028 жылдарға арналған макроэкономикалық тұрақтандыру мен халықтың әл-ауқатын арттыру бойынша бірлескен іс-қимыл бағдарламасының жүзеге асырылуы жөнінде айтты. Бұл ретте халықтың нақты табысын өсіру, тұрмыс деңгейін жақсарту арқылы ішкі жалпы өнімнің өсімін қамтамасыз ету негізгі басымдық ретінде белгіленген. Инфляция деңгейін төмендету шаралары да қарастырылып жатыр.

Премьер-министр желтоқсан айында шекарадағы бес өткізу бекетін жаңғырту жұмыстарының аяқталғанын, қазақстандық тауар өндірушілер реестрінің іске қосылғанын және шағын бизнесті қолдауға арналған «Іскер аймақ» бірыңғай бағдарламасының қабылданғанын хабарлады. Сонымен қатар жылыту маусымының барысы және 2026 жылғы дала жұмыстарын қаржыландырудың ерте басталғаны жөнінде мәлімет берді. Бұл шара егіс алқаптарының көлемін сақтауға және ұлғайтуға, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу мен экспортты дамытуға бағытталған.

Кездесу қорытындысында Мемлекет басшысы Үкімет басшысына азаматтардың мүддесіне сай еліміздің тұрақты дамуын қамтамасыз ету бойынша жұмысты жалғастыруды тапсырды. Сондай-ақ инвестиция тарту, кәсіпкерлікті қолдау, инженерлік және көлік инфрақұрылымын жаңғырту бағытында бірқатар нақты міндет жүктеді.