01 қыр, 2020 сағат 11:20

Мемлекет меншігіндегі артық компаниялар мен қызметкерлерді қысқарту қажет – Президент

Мемлекет меншігінде тек әлеуметтік нысандар және мемлекеттің қауіпсіздігі мен қалыпты жұмысын қамтамасыз ететін нысандар ғана қалуы керек. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Үкімет Жаңа жекешелендіру жоспарын қабылдауға тиіс. Мемлекет меншігінде тек әлеуметтік нысандар, сондай-ақ мемлекеттің қауіпсіздігі мен қалыпты жұмысын қамтамасыз ететін нысандар ғана қалуы керек.

Квазимемлекеттік секторда әкімшілік-басқару жұмысымен айналысатын қызметкерлердің санын, пайдасыз шығындарды және басы артық еншілес компанияларды қысқарту жұмыстары жалғасын табуға тиіс», - деді Президент. 

Осы орайда Президент «Бәйтерек» және «ҚазАгро» холдингілерін біріктіріп, штатты 50 пайызға қысқартуды тапсырды.

«Бәйтерек» және «ҚазАгро» холдингтерінің рөліне арнайы тоқталғым келеді.

Бұл компаниялар индустрияландыру және агроөнеркәсіптік кешенді дамыту ісіне елеулі үлес қосып, бұрын бір-бірімен байланыссыз болған қаржы институттарының қызметін ретке келтірді.  

Ал, қазір біз мүлде жаңа жағдайда тұрмыз. Институционалдық құрылымды өзгерту – уақыт талабы. Сондықтан, осы екі ұйымды біріктіріп, қаржылық мүмкіндіктері анағұрлым зор даму институтын құрған жөн.

Бұл ретте, портфельді компаниялардың саны 2 есеге азайып, штат саны да 50 пайызға қысқаруға тиіс», - деді Президент.