Фото: ұйымдастырушылардан
Алматы бірнеше күнге әлемдік мәнерлеп сырғанау орталығына айналды, деп хабарлайды Ult.kz.
VI халықаралық Denis Ten Memorial Challenge 2025 турнирі мұз айдынына әлемнің ең үздік спортшыларын — жас дарындар мен халықаралық деңгейдегі чемпиондарды жинады. Денис Теннің жарқын бейнесіне деген құрмет, спорттық рух пен шабыт атмосферасы Қазақстан, Оңтүстік Корея, АҚШ, Грузия, Канада, Швеция, Қытай және өзге елдерден келген қатысушыларды біріктірді. Бұл турнир Қазақстан әлемдік мәнерлеп сырғанау картасында өз орнын нық бекіткенін тағы бір дәлелдеді.
Фото: ұйымдастырушылардан
Турнирдің басты жеңісі — қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоровтың ерлер арасындағы жеке бағдарламада 282.22 ұпаймен топ жаруы болды. Ол қарсыластарын айқын басып озып, көрермендердің ерекше ықыласына бөленді және халықаралық төрешілердің жоғары бағасына ие болды.
Күміс жүлдені — Ника Эгадзе (266.90 ұпай), қола жүлдені — Джейсон Браун (257.81 ұпай) иеленді.
Михаил үшін бұл турнир маусымның ашылу кезеңі әрі алдағы Олимпиада ойындарына дайындықтың маңызды бөлігі болды. Еркін бағдарламада ол әлемдегі ең күрделі техникалық элементтердің бірін - төрт реттік секіруді бес рет орындап, сәтті өнер көрсетті.
Оның бағдарламасындағы ең ерекше тұс — үштік аксель – ойлер – төрттік сальхов каскады. ISU дерегінше, бұл элемент әлі күнге дейін әлемде ешкім қайталамаған эксклюзивті комбинация саналады. Бұдан кейін спортшы төрттік лутц, төрттік флип және екі төрттік тулуп орындап, бағдарламасын сирек кездесетін үштік лутц – үштік аксель каскадымен аяқтады.
Қысқа бағдарламада Михаил төрттік тулуп пен үштік аксельді мінсіз орындап, тамаша өнер көрсетті. Екі бағдарламаның жиынтық нәтижесі оған турнирдің айқын көшбасшысы атануға мүмкіндік берді.
Фото: ұйымдастырушылардан
Кештің көзайымы - Михаил Шайдоров
Көрермендер Михаил Шайдоровтың өнерін «Halyk Arena»-да ұзақ қол шапалақтап қарсы алды.
Халықаралық қазылар алқасы спортшының техникасының жоғары деңгейін ғана емес, орындаушылық шеберлігі мен көркемдігін де ерекше атап өтті. Михаил мұз үстінде өзін сенімді әрі байсалды көрсетті — күш пен шеберлікті үйлестіре отырып, әсерлі және мағыналы бағдарламасын орындады.
Жарысқа құрметті қонақ ретінде Ресейдің атақты бапкері, еңбек сіңірген жаттықтырушы Татьяна Тарасова қатысты. Ол қатысушылардың өнерін мұқият бақылап, Михаил Шайдоровтың шеберлігіне жоғары баға берді.
— Михаилдің сырғанауы – техника, эмоция және орындаушылық кемелдіктің үйлесімі. Мұндай деңгей жас спортшылар арасында сирек кездеседі, — деді ол.
Өз кезегінде Михаил жарыстан кейін эмоциясын бөлісті:
— Біз дайындағанның бәрін көрсетуге мүмкіндік алғаныма қуаныштымын. Бағдарлама өте күрделі болды, әр элемент бар назарымды қажет етті. Көрермендердің қолдауы маған үлкен күш берді. Бұл жарыс мен үшін жай ғана сайыс емес, Денис Теннің рухына деген құрмет. Ол біздің буынды шабыттандырған тұлға, — деді Шайдоров.
Denis Ten Memorial Challenge – Халықаралық коньки одағының (ISU) Challenger Series қатарына кіретін беделді жарыс. Турнир қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы, Олимпиада жүлдегері Денис Теннің құрметіне аталған. Биылғы маусымдағы басты жарыстардың бірі саналатын бұл дода 2026 жылы Милан–Кортина-д’Ампеццо қалаларында өтетін Олимпиада ойындарына дайындық кезеңі болды.
Фото: ұйымдастырушылардан
Денис Тен мемориалы гала-шоумен түйінделді
Алматыдағы Denis Ten Memorial Challenge 2025 турнирі мәнерлеп сырғанаудан әсерлі Гала-шоумен аяқталды. Шараға Денис Тэн академиясының тәрбиеленушілері – жас өрендерден бастап, қазіргі чемпиондарға дейін қатысты.
Сахнада турнир жеңімпаздары мен жүлдегерлері — Михаил Шайдоров, Ника Эгадзе, Джейсон Браун, Хайен Ли, Диана Дэвис пен Глеб Смолькин жұбы өнер көрсетті. Сонымен қатар, кештің құрметті қонақтары, әлемге әйгілі мәнерлеп сырғанаушылар – Максим Траньков пен Татьяна Волосожар да мұз үстіне шықты.
Фото: ұйымдастырушылардан
Бұл кеш әр буын спортшыларын біріктірген ерекше сәтке айналды. Гала-шоу мәнерлеп сырғанаудағы дәстүр мен жаңашылдықтың сабақтастығын айқын көрсетті әрі турнирдің халықаралық деңгейдегі маңызын тағы да дәлелдеді.
Қорытынды шоу жарыстың жарқын нүктесі болды. Ол Denis Ten Memorial Challenge турнирінің мәнін – тек спорттық бәсеке ғана емес, сонымен қатар бүкіл бір ұрпаққа шабыт сыйлаған Денис Тенге деген құрмет пен спорт пен өнердің ортақ мерекесін еске салды.
