Фото: trezviy-voditel.kz
Алматы таңы тағы да кептеліспен атты. Қаланың күре тамырларында темір тұлпарлар сағаттап қозғала алмай, қозғалтқыштардың ызыңы мен түтін ауаға тарайды. Бұл көрініс біз үшін қалыптыға айналып кетті. Бірақ шын мәнінде бұл урбанистикалық дағдарыстың белгісі. Президенттің қала әкімімен кездесуінде экология, көлік, өмір сапасы мәселелерінің көтерілуі жай әкімшілік тапсырма емес. Бұл Алматының болашағына қатысты стратегиялық ескерту. Бірақ полиорталық дегеніміз не? Ол шынымен қаланың экологиялық және әлеуметтік дағдарысын шеше ала ма? Осы сияқты сұрақтардың жауабын Ult.kz тілшісі іздеп көрді.
400 мыңға дейін көлік кіреді
Алматы ондаған жыл бойы бір орталыққа тәуелді дамыды. Іскерлік белсенділік, жұмыс орындары, мәдени инфрақұрылым – барлығы қаланың тарихи орталығына шоғырланды. Нәтижесі белгілі, атап айтқанда:
күнделікті кептеліс,
ауа ластануы,
орталық аудандардағы шамадан тыс жүктеме,
шет аймақтардың инфрақұрылымдық әлсіздігі.
Бейресми деректерге сүйенсек, Алматыға күн сайын облыстан 400 мыңға дейін көлік кіреді. Бұл қала жүйесінің теңгерімсіз дамуының айқын көрінісі екені белгілі. Алматының 2040 жылға дейінгі Бас жоспары моноорталықтан полиорталық модельге көшуді көздейді. Яғни:
Әр аудан өзіндік іскерлік, мәдени, әлеуметтік орталыққа айналады;
жұмыс пен тұрмыс бір-біріне жақындайды;
көлік ағындары қайта үлестіріледі;
жаңа экономикалық «өсу нүктелері» пайда болады.
Осындай жобалардың бірі – «Батыс қақпасы» полиорталығы. Оның іс-жоспарын Ink Architects әзірлеуде. Жоба Момышұлы, Мөңке би, Рысқұлов және Фариза Оңғарсынова көшелері аумағын қамтиды. Басты ерекшелігі – микромобильділікке негізделген орта құру.
Жоба «15 минуттық қала» қағидатына сүйенеді. Яғни жұмыс, дүкен, мектеп, саябақ және қызмет көрсету нысандары, бәрі жаяу немесе велосипедпен 15 минутта қолжетімді болуы тиіс. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, әлемдегі сапарлардың 60%-дан астамы 8 км-ден аз қашықтықта жүзеге асады. Демек, қысқа сапарлардың елеулі бөлігін автомобильсіз орындауға болады. Егер «соңғы миль» бағытындағы жолаушылардың кемінде 10%-ы микромобильді көлікке ауысса, көше жүктемесі айтарлықтай төмендейді.
Алматыда 89 км веложол бар
Алматыда бүгінде 89 км веложол бар. Алайда мәселе олардың үзік-үзік орналасуында. Ink Architects сәулетшілері жобаны әзірлеу барысында спорттық қосымшалардың жылу карталарын, тұрғындардың нақты қозғалыс траекторияларын, қалыптасқан инфрақұрылымды талдаған.
«Біз адамдардың стихиялы түрде қалыптасқан жүріс-тұрыс үлгілерін ескердік. Жоба полиорталық ішінде үздіксіз, байланысқан желі құруға бағытталған. Бұл – Қазақстан урбанистикасы үшін жаңа тәсіл. Әдетте біз алдымен жол саламыз, кейін адамдарды соған бейімдеуге тырысамыз. Ал бұл жолы керісінше – адамдардың шынайы қозғалысы негізге алынған», - дейді сәулетші Құралай Есмұханова.
Микромобильділік тек сәнді тренд емес, ол – қауіпсіздік мәдениеті. Жоба бойынша велосипед жолдары автокөлік жолынан көгалдандырылған буферлік аймақ арқылы бөлінеді. Бұл заңсыз автотұрақты болдырмайды, есік ашу салдарынан болатын соқтығыстарды азайтады, көшені қақтығыс аймағынан қауіпсіз кеңістікке айналдырады.
Жолақтардың ені 2–2,5 метр болуы – қыс мезгілінде механикаландырылған тазалауға мүмкіндік береді. Скандинавия тәжірибесі көрсеткендей, велосипед инфрақұрылымы жыл бойы жұмыс істей алады.
Жасыл буфер тек қауіпсіздік үшін емес. Ол нөсерлік кәріз жүйесін қамтиды, көлеңке береді және қалалық «жылу аралы» әсерін төмендетеді. Алматы үшін бұл ерекше маңызды. Қала экологиясы ұзақ жылдан бері қоғам талқысының өзегінде.
«Полиорталық модель қағаз жүзінде тартымды көрінеді. Бірақ оның табысты болуы үшін жергілікті өзін-өзі басқару күшеюі, көлік саясатының батыл реформасы, автокөлікке тәуелділікті шектеу, қоғамдық көлік сапасының артуы, бизнес пен тұрғындардың сенімі қажет. Егер бұл кешенді жүзеге асса, Алматы шын мәнінде жаңа даму кезеңіне өтеді. Ал егер тек жекелеген инфрақұрылымдық шешімдермен шектелсе, полиорталық ұғымы кезекті урбанистикалық термин болып қалуы мүмкін», - дейді сәулетші Құралай Есмұханова.
Бүгінгі таңда мәселе тек веложол немесе скутер туралы емес. Мәселе – қаланың кім үшін салынатынында. Автокөлік үшін бе, әлде адам үшін бе? Егер полиорталық модель шынайы іске асса, Алматы кептелістен біртіндеп арылады, экологиясын жақсартады, шағын және орта бизнесті жандандырады, өмір сапасын арттырады.
Ақбота Мұсабекқызы
