
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов коронавирустың таралуына жол бермеу үшін еліміздегі мұғалімдердің курстары кейінге шегерілгенін, кейбірі онлайн форматқа ауыстырылғанын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қосымша білім беру ұйымдарына келер болсақ, балалар сарайы, музыка мектебі біздің елде көп. Бұл ұйымдарға бір ғана мектептің ғана емес, қаланың немесе елді мекеннің барлық балалары келеді. Сондықтан осындай білім беру ұйымдарында инфекцияны жұқтыру қаупі өте жоғары. Осыны ескере отырып, білім беру ұйымдарының жұмысын 5 сәуірге дейін тоқтаттық», - деді Асхат Аймағамбетов ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.
Министрдің айтуынша олимпиада, спартакиадалар да кейінге шегерілген.
«Балдәурен, Бөбек секілді лагерьлерге де балаларды алуды тоқтаттық. Біліктілік арттыру курстары өтетінін білесіздер. Оған он мыңдаған мұғалім қатысуы керек еді. Бірақ оның көбін онлайн форматқа көшірдік. Ал онлайн форматқа көшпейтін курстарды біз мерзім бойынша шегеру туралы шешім қабылдадық», - деді ол.
