09 қыр, 2021 сағат 12:55

«Мың бала» жобасының аясында 280 мың жеткіншек қазақ тілін үйренді


2015 жылдан бері іске асырылып келе жатқан «Мың бала» республикалық жобасының аясында 280 мың жеткіншек қазақ тілін үйренуге тартылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл туралы ҚР Ақпарат және әлеуметтік даму вице-министрі Серік Егізбаев Қазақстан халқы Ассамблеясы ұйымдастырған Президент Жолдауына арналған дөңгелек үстелде айтты. 

«Еліміз бойынша барлығы 174 жексенбілік мектеп жұмыс атқарады, оның ішінде 124 топ қазақ тілі курстарын өткізеді. Оған 1200-ге жуық адам қатысады. 

Сонымен қатар, Достық үйлерінің базасында тұрақты негізде қазақ тілін оқыту бойынша «Мәміле» атты 18 пікірталас клубы ұйымдастырылды, «Қазақтану» республикалық мәдени-ағартушылық жобасы іске асырылады», - деді ведомство өкілі.

Сондай-ақ, ол министрлік «Қазақстандық этностардың алуан түрлілігін рухани-мәдени танымал ету» жобасын іске асырып жатқанын айтты. 

«Бұл жоба қазақ халқының салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын зерделеуге, қазақ тілі мен Қазақстан этностарының ана тілдерін, ақын-жазушылардың көркем туындыларын зерделеуге, халық ертегілерін, тарихты, дәстүрлі шеберлерді және т.б. танымал етуге жүйелендірілген. Жоба шеңберінде еліміздің барлық өңірлерінде 130-ға жуық іс-шара өткізіліп, оларға 10 000-нан астам адам қатысты», - деді вице-министр.

Оның айтуына қарағанда, жыл сайын Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірлесіп өткізілетін «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» республикалық форумы да қазақ тілін этносаралық қатынас тілі ретінде насихаттауға бағытталған.

«Орталық және өңірлік деңгейде 2015 жылдан бастап «Мың бала» республикалық мәдени-ағартушылық жобасы жүзеге асырылуда. Жоба шеңберінде 1,5 млн бала қатысып, оның ішінде 280 мыңға жуық адам қазақ тілін меңгеруге тартылды. Қазақ тілінің қоғамдағы қолданыс аясын кеңейту бағытындағы жұмыстар аталған жобалар және басқа да іс-шаралар шеңберінде өз жалғасын таба беретін болады», - деді Серік Егізбаев.