13 сәу, 2020 сағат 12:08

Мынадай қиын кезеңде бір-бірімізге түсіністікпен қарауымыз керек - Нұрымбетов

Жеке тұлғалардың мемлекеттен 42 500 теңге мөлшерінде әлеуметтік төлем алуының заңдылығы тексерілмейді. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Брифинг барысында министрге «Мемлекеттен 42 500 теңге әлеуметтік төлемді заңсыз алғандар жауапқа тартыла ма?» деген сұрақ қойылған еді. 

«Мынадай қиын кезеңде бір-бірімізге түсіністікпен қарауымыз керек. Мемлекет тарапынан Еңбек министрлігі ретінде ешкімді тергеп, «дәлелдеңдер, құжат өткізіңіздер» деп жатқанымыз жоқ. Бәрін қарапайым жасап қойдық. Өздеріңіз үшін мынаны шешіп алыңыздар: «Мен тіршілік жасап, ақша таптым ба? Сол ақшадан қазір айырылдым ба?». Солай екендігіне сенімді болып, өтініш бердіңіз. Сөйтіп, өтініш бергенде порталда болсын, басқа жерде болсын төмендегі жазбада «Ай сайын тауып жүрген ақшам болған, содан айырылдым» деп белгіледіңіз. Біз сізге сендік, төледік», - деді Біржан Нұрымбетов. 

Сонымен қатар ол алдағы уақытта жұмыс берушілер тексерілетіндігін баса айтты. 

«Ал жеке тұлғаларға үйіне барып тексеру болмайды. Бұл жерде былай, сіз айттыңыз, біз сендік. 42 500 теңге алдыңыз ба, алыңыз, жаратыңыз. Ай сайын төлеп тұрамыз», - деді министр.