12 қаз, 2016 сағат 14:13

National Geographic "ЭКСПО-2017" көрмесіне арнайы жүлде тағайындады

National Geographic "ЭКСПО-2017" көрмесіне арнайы жүлде тағайындады Туризм мен саяхатқа арналған ресейлік Nation Geographic басылымы жыл сайын табысталатын дүниежүзілік National Geographic Traveler Words жүлдесін Қазақстан туризміне арнады, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы National Geographic-пен бірге арнайы жоба жүзеге асыруда. Бұл туралы компанияның Ілгерілету және туризм департаментінің директор орынбасары Роза Асанбаева, «National Geographic Traveler» бас редакторы Ольга Яковина мен Ілгерілету және туризм департаментінің бас менеджері Даниел Сержанұлының қатысуымен болған баспасөз мәслихатында белгілі болды.

«Халықаралық National Geographic Travel Awards жүлдесі өзіндік туризм саласының Оскары болып табылады. Биыл жүлде серіктесі Қазақстан, ЭКСПО-2017 атанды. Бүгінде Қазақстан туристік салада әлеуеті жоғары, перспективалы әрі қызығушылық тудыратын бағыт екені белгілі, осы ретте бүгін әлем елдерінен туристерді тартуға мүмкіндіктер баршылық. Атап айтқанда, туризм мен саяхат тұрғысында біз халықаралық деңгейдегі ресейлік алдыңғы қатарлы басылым ретінде бұл салада іске асырылатын қадамдардан тысқары қалғымыз келмеді», - деді өз сөзінде Ольга Яковина.

Арнайы жоба екі байқауды қосады. Бірі – «Қазақстан – жаңа ашылым уақыты», екіншісі – «Қазақстан – болашақ энергиясы». «Қазақстан – жаңа ашылым уақыты» маршруттар байқауы 8 қыркүйек пен 6 қараша аралығында өткізілуде. Қатысамын деушілер nat-geo.ru Қазақстанның көрікті жерлері туралы өз оқиғаларын жолдауларына болады. Қазіргі күннің өзінде 26 өтінім берілді. Бас жүлде ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне жолдама алады. Әрі ол 17 қараша күні Міскеу қаласында өткізілетін National Geographic Traveler Awards 2016 салтанатты шарасында табыс етіледі.

«Қазақстан – болашақ энергиясы» фотобайқауы 28 қыркүйекте басталып, 28 қазанға дейін өткізіледі. Оған да қатысамын деушілер nat-geo.ru сайтына Қазақстанның суреттерін жолдауы тиіс. Байқау әділқазылары ең үздік жұмыс иелерін 1 қараша күні атайтын болады. Жеңімпаздың еңбегі National Geographic-тің әлеуметтік желілерінде орналастырылады. Сондай-ақ жеңімпаз National Geographic командасы және шеф-фотограф Андрей Каменевпен бірге 2017 жылдың мамыр айында Қазақстанға фотоэкспедицияға бара алады.

Өз кезегінде, "Астана ЭКСПО-2017" Ұлттық компаниясы Ілгерілету және туризм бөлімі басшысының орынбасары Роза Асанбаева шетел азаматтарының елімізге деген қызығушылығы күн санап артып келе жатқанын айтады. Әсіресе, Алматы, Алматы облысы, Бурабай, Байқоңыр, Маңғыстау аймақтары мен Балқаш көлі үлкен танымалдылыққа ие екені соған дәлел бола алатынын жеткізді.

"Біз туроператорлар арқылы қандай үлкен қызығушылық пен сұраныс туып отырғанын білеміз. Бұның бәрі - сөзсіз "ЭКСПО-2017" көрмесінің арқасы. Өйткені ол - жұмысына ел болып жұмыла кіріскен ұлттық жоба", - деді Роза Асанбаева.

Ұлт порталы