
18 наурыздан бері елімізге Ресейден 3 мыңнан астам қазақстандық келген. Бұл туралы ҚР бас мемлекеттік санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің медиа орталығында өткен тікелей эфирде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«ҚР Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, 18 наурыздан бері елімізге Ресейден 3 мыңнан астам қазақстандық келген. Бұл - студенттер, вахталық әдіспен жұмыс істеген адамдар», - дейді ҚР Бас мемлекеттік санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова.
Ол коронавирус анықталмаған аудандарда не себепті карантин талаптары сақталатынын айтып өтті.
«Коронавирус жағдайы тіркелмеген өңір жоқ. Күн сайын жағдайға мониторинг жүргізіп отырамыз. Сондықтан эпидемиологиялық жағдайға байланысты барлық өңірде карантин шаралары сақталуы керек. Аулада болсын той өткізгісі келетіндерді түсінеміз, бірақ өзгеге ауру жұқтырып алмау жағын ойлауымыз керек. Сондықтан бұл сақтық шараларына түсіністікпен қарауға шақырамыз. Қытай, Оңтүстік Корея сияқты мемлекеттер коронавирусты жеңді деп ойламаңыздар, олар әлі де бұл дертпен күресуде», - дейді ол.
