Фото: ашық дереккөз
Марқұмның адвокаты Аянхан Омаров Ішкі істер министрлігінен арнайы комиссия келіп, жедел-тергеу тобы құрылғанын хабарлады. «Некеге тұруға мәжбүрлеу (125-1)» бабы бойынша қылмыстық іс тіркелген.
Адвокат бұған дейін Нұрайдың ісі бойынша тергеушіге 3 рет өтінішхат жолдағанын жазды. Онда істі «аса қатыгездікпен адам өлтіру» бойынша қайта саралауды және сталкинг бойынша да іс қозғауды талап еткен.
Қазір жас қызды пышақтап өлтірген күдікті «адам өлтіру» бабымен тергеліп жатыр. Бұл бапта 8 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Еске салсақ, Шымкентте 11 қаңтарда Нұрай Серікбай сталкердің қолынан көз жұмды. Күдікті бойжеткенді жарты жылдан бері артынан қалмай аңдыған. Қорқытып, еркінен тыс алып қашқан.
Іс резонанс тудырғаннан кейін марқұмның арызын қарамай қойған полиция қызметкерлері жұмыстан босатылып, «салғырттық» ісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
