07 қаз, 2020 сағат 13:06

Нұрлан Әлімжан еңбек жолын жұмысшы болып бастаған қоғам қайраткерлерін дәріптеуге шақырды

Мәжіліс депутаты Нұрлан Әлімжан еңбек жолын жұмысшы ретінде бастаған қоғам қайраткерлерін дәріптеуге шақырып, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Елбасының қамқорлығының арқасында жастар 2017 жылдан бері колледждерде тегін білім алу мүмкіндігіне ие болды. Соның ішінде қаншама ауыл баласы мамандық алып, бүгінде үйлерге су, жарық, жылу беру қызметтерін атқаруда. Электрондық үкімет порталындағы ақпаратқа сүйенсек, елімізде 759 колледж бар екен. Оларды кәсіпорындар мен мекемелерге сенімгерлікке беру мәселесі 5 жылдан бері көтеріліп келеді. Былтыр Премьер-Министр Асқар Ұзақбайұлы «Ірі компаниялар, экономика көшбасшылары 150-ге жуық колледжді сенімгерлік басқаруға ала алады, ал университеттер 50-ге жуық колледжді қабылдауға дайын. Бұл бастамаларға қолдау көрсетіп, серіктестік тетіктерін әзірлеуіміз керек» деген еді. Әрине, бұл басқару оқу бағдарламасын еңбек нарығына сәйкестендіріп, студенттердің жаңа технологиямен практикадан өтуіне мүмкіндік береді», - деді Нұрлан Әлімжан Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында. 

Оның айтуынша, бүгінгі мәселе – сенімгерлікке кірмеген колледждер жайы. Өйткені, ел аралағанда бір колледждің базасы керемет, ал екіншісінде Кеңес дәуірінен қалған ескі трактор мен аппараттар тұр. 

«Осыған орай Білім және ғылым министрінің қарауына келесі ұсыныстарды енгіземін: БАҚ-та еңбек жолын жұмысшы мамандығынан бастаған қоғам қайраткерлері, белгілі азаматтарды дәріптеуді қолға алып, осы мамандықтарды ынталандыратын қағаз нұсқада және электронды форматта арнайы журнал, газетті бір жүйеге қою керек. Халықаралық стандартқа сай бағдарлама әзірлеп, колледждердің материалдық-техникалық базасын жаңартқан дұрыс. Колледжді үздік бітірген студенттің университетке емтихансыз қабылданып, грант арқылы білім алу мүмкіндігін қарастыр керек», - деді депутат.