07 қаз, 2020 сағат 10:54

Нығматулин: Порттарды дамытамыз десек, шетелге қандай өнім сататынымызды нақтылау қажет

Парламент Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин Ақтау мен Құрық порттарын дамыту жоспарына қатысты ойын айтып, қандай мәселеге назар аудару керектігін жеткізді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Порттарды дамытуды қалай қолға алсақ, кеме қатынасын дамытуды сондай қарқынмен жүргізу керек. Себебі бұл екі ұғым қанаттас. Порттарсыз ешқандай кеме қатынасы мен транзит туралы ауыз ашпай-ақ қоюға болады. Кез келген кеменің басты міндеті – жүк тасу. Әлбетте жолаушылар кемесі басқа мәселе», - деді Мәжіліс төрағасы кеме қатынасы туралы келісімді ратификациялау жөніндегі заң жобасын талқылау кезінде. 

Нұрлан Нығматулиннің айтуынша, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мұнай таси беруді қойып, контейнер тасымалын арттырғалы отыр. 

«Бұл – дұрыс қадам. Себебі мемлекет билігі де қазір өндірісті толық диверсификациялауға көшті. Жыл сайын құбыр саны артып, диверсификация жүріп жатқандықтан бізге порттардың болашағын ойлау керек. Алғашқы порттардың негізін қалаған кезде оларды біз энергия тасымалдаушы ретінде көрдік. Контейнер дегенімізбен, бізге сонымен қатар «құрғақ жүкке» де өтуіміз керек шығар. Мәселен Иранның солтүстігінде бидай қабылдайтын қаншама орын салынды. Ол жерде біздің бидайымызды күтіп отыр. Сондықтан алдағы уақытта ауыл шаруашылығы өнімдеріне баса мән берген абзал», - деді ол.

Нұрлан Нығматулин ішкі экономикалық жоспар жасалып, осындай жылда осыншама өнімді экспортқа шығара аламыз деген жоспар болуы тиіс екенін жеткізді.

«Әлбетте Ақтау мен Құрық порттары арқылы жүк тасымалын арттырғалы жатырмыз. Алайда не экспорттайтынымызды нақты біліп алуымыз керек. Не сатамыз? Бұл жерде нақтылық болуы тиіс», - деді ол.