05 нау, 2020 сағат 08:59

Оқ-дәрілерді жоюдағы бұзушылықтар: Министрлік қозғалған қылмыстық іске түсінік берді

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі (ҚР ИИДМ) оқ-дәрілерді жою кезінде жіберілген заңсыздықтар үшін «Қазтехнологиялар» АҚ-ға қатысты қозғалған қылмыстық іске түсінік берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«3 наурызда бірқатар БАҚ-та оқ-дәрілерді кәдеге жарату кезіндегі ықтимал ұрлау оқиғасы бойынша «Қазтехнологиялар» АҚ-ға қатысты қылмыстық іс қозғалғаны туралы ақпарат таратылды. Осыған орай аталған ақпаратта қарастырылған оқиғалар 2013-2017 жылдар кезеңін қозғайтынын айта кету керек.

Жалпы «Қазтехнологиялар» АҚ 2011 жылдан бастап ҚР Қарулы Күштерінің пайдаланылмайтын оқ-дәрілерін кәдеге жаратумен айналысады. Кәсіпорын сол жылдан бастап Қорғаныс министрлігінің еншілес ұйымы болып, 2016 жылғы қарашада жаңадан құрылған ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне, ал 2019 жылғы қаңтарда қайта құрылған Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне берілді. Қорғаныс өнеркәсібі саласындағы мемлекеттік басқару жүйесін реформалау мақсатында 2019 жылғы маусымда ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне бекітілді», - деп түсіндірді ҚР ИИДМ-нен.

Атап өтілгендей, 2015 жылы жасалған өтпелі келісімшарттарға сәйкес «Қазтехнологиялар» АҚ оқ-дәрілерді кәдеге жарату бойынша шарттық міндеттемелерін 2017 жылы орындап біткен. Ал 2018 жылы кәдеге жарату жұмыстары жүргізілген жоқ.

«Жоғарыда айтылған ақпараттағы фактілерге қатысты тағы мынаны атап өткен жөн: оқ-дәрілерді кәдеге жарату кезінде қайталама қара және түсті металдар сынықтары бөлінеді. Одан әрі кәдеге жаратылуы тиіс өнімдер қайталама металл сынықтарының бағасы бойынша тауарлық-шикізаттық биржа арқылы өткізіліп отырды. Қайталама металл сынықтарында түрлі қоспалардың болуына байланысты өткізу кезінде олардың бағасы таза металмен салыстырғанда төмендетіледі. Тергеу органдары осы фактіні қайталама металл сынықтарын өткізу кезінде бағаны төмендету ықтималдығы ретінде тексеруде», - деді министрліктен.

Бұдан бөлек, ведомство мәліметінше, қайталама металл сынықтарын бағалауды мемлекеттік сатып алулар конкурсында жеңіп шыққан өзге ұйымдар жүргізген.

«2019 жылы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне берілген сәттен «Қазтехнологиялар» АҚ кәдеге жарату өнімдерін (қайталама сынық) өткізуді Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес мемлекеттік электрондық портал арқылы жүзеге асырады. Бұл рәсім таза өткізіледі. 2019 жылы «Қазтехнологиялар» АҚ 306 млн. теңге сомасында пайдаланылмайтын оқ-дәрілерді кәдеге жаратты және мемлекет бюджетіне кәдеге жарату өнімдерін өткізу нәтижесінде 416 млн. теңге қайтарды.

Қазіргі уақытта тергеу органдары тексеруді жалғастыруда. Әртүрлі сараптамалар жүргізіліп жатыр», - деп түйді ҚР ИИДМ-нан.

Еске салайық, бұған дейін ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне қарасты «Қазтехнологиялар» АҚ-да Арыс пен Отар қалаларында әскери бөлімдердің соғыс оқ-дәрілерін жою барысында металл сынықтары мен металдарды сату арқылы 1,7 млрд теңге қаражатты ұрлау фактісі анықталғаны хабарланған болатын.