
Өңірлердегі 220-дан астам білім саласында шешім қабылдау орталығының 17-сі ғана қалады. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бұл мәселені бірнеше рет талқылаған болатынбыз. Тек қана облыстық білім басқармасы деңгейінде ғана емес, аудандық, қалалық білім бөлімдерінің басшылары да қатысты және сіздер келісу үшін арнайы жобаны да жолдадық. Бұл мәселе Мемлекет басшысының Жолдауда берген тапсырмасының аясында іске асырылып жатыр. Өте маңызды реформа. Жалпы сарапшылар көптен бері осы мәселені көтеріп жүргенін білесіздер. Ең басты мақсат – білім сапасын арттыру, бірізділікпен қаржыландыру және басқару проблемаларын шешу. Мұның алдында өңірлерде шешім қабылдау орталықтары 220-дан астам болса, енді мұнан кейін келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап 17 болады. Жалпы бюджет те облыс деңгейінде орталықтандырылады. Облыстық бюджеттен мектептер, балабақшалар қаржыландырылады», - деді министр ведомствоның аппарат жиналысында.
Оның атап өтуінше, бұл материалдық-техникалық базаны нығайтуға, апатты жағдайдағы, үш ауысымды мектептерді және білім саласындағы басқа да проблемаларды шешуге септігін тигізетін болады.
«Енді мұны дұрыстап, кезең-кезеңімен жүзеге асыру керек. Келесі жылғы бюджетті аудандық деңгейден облыстық деңгейге берген кезде әртүрлі проблемалар болмауы үшін қазірден бастап білім басқармалары бақылауына алуы керек. Бірнеше рет жиналыс өткізілді. Өңірлер бұл мәселені біледі. Бақылауда ұстау керек», - Асхат Аймағамбетов.
