
Түркістан облысы мен Шымкент қаласында өсірілген орамжапырақты ел өңірлері сатып алатын болды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап.
Түркістан облысының аграрийлері биылғы жылы 8 мың гектар алқапқа ерте шығатын орамжапырақты егіп, сәуір және мамыр айларында 300 мың тоннаға жуық өнім алуды жоспарлап отыр. Шаруалар Төтенше жағдай кезінде өсірілген өнімді сақтау және сату барысында қиындыққа тап боламыз деп алаңдаушылық білдірген болатын.
«ҚР АШМ фермерлерге көмек ретінде дүйсенбі күні облыс әкімдіктерімен кеңес өткізіп, облыстарды өзара азық-түлік қоры туралы ақпаратпен алмасып, тапшылық байқалған аймақтарға өнімнің мол қоры бар өңірлерден тауар алмасуға шақырды.
Нәтижесінде республиканың барлық өңірінің жергілікті атқарушы органдары жақын арада Қазақстанның оңтүстігінен 50 мың тонна ерте шығатын орамжапырақты сатып алуға дайын екендіктерін хабарлады.
Сонымен қатар, Ауыл шаруашылығы министрлігі өнімді экспорттау үшін қажетті фитосанитариялық сертификаттарды жедел түрде беруде. Енді фермерлер қалған 250 мың тонна өнімді Ресей Федерациясына еш кедергісіз сата алады», - деді министрліктен.
Мәлім етілгендей, бүгінгі таңда Шымкент және Түркістан облыстары бойынша 14 ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші 4 мың тоннаға жуық орамжапырақты экспорттауға 204 фитосанитариялық сертификат алды.
«Тез бұзылатын өнімдерді кедергісіз тасымалдау үшін фермерлердің автокөліктеріне «#BizBirgemiz Түркістан облысының азық-түлік өнімдері» деген жазбамен логотип жабыстырылады. Мұндай жапсырмалар фитосанитариялық және карантиндік сертификаттармен бірге берілетін болады», - деді АШМ-нан.
Еске салайық, отандық аграрийлер ерте пісетін орамжапырақты экспортқа шығара алмай отырғанына шағымданған болатын. Кейін ҚР АШМ орамжапырақты алыс және жақын шет елдерге экспорттауды тоқтатуды жоспарламағанын және тыйым салмағанын мәлім етті. Сондай-ақ орамжапырақты Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне жеткізуге сертификаттар штаттық режимде беріліп жатқанын айтты.
