12 қар, 2022 сағат 18:00

"Ордабасы" Қазақстан кубогының жеңімпазы атанды


Шымкенттің «Ордабасы» клубы футболдан Қазақстан кубогінің иегері атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Финалда Оралдың «Ақжайығы» мен Шымкенттің «Ордабасы» командалары кездесті. Оралдық футболшылар матчты өте сенімді бастады. Ойынның 7-минутында Завен Бадоян есеп ашса, 10-минутта Тома Табатадзе есепті үстемелей түсті.

Шымкенттік клуб сапынан Самат Шәмші 26-минутта баспен гол соғып, есеп айырмасын қысқартса, 51-минутта Всеволод Садовский таразы басын теңестірді.

Одан кейін 67-минутта Тома Табатадзе, 74-минутта Максим Каленчук гол соғып, «Ақжайық» басымдықты қайтадан екі голға жеткізді.

Ал «Ордабасы» сапынан Максим Федин 76, Луиш Гедеш 98-минуттарда мергендік танытып, есеп қайта теңесті.

Кездесудің негізгі кезеңі 4:4 есебімен тең аяқталып, ойын овертаймға ұласты.

Ойынның 117-минутында Эльхан Астанов оралдық клуб қақпасына белгіленген пенальтиден мүлт кеткен жоқ.

Осылайша, қарсыласын 5:4 есебімен жеңген «Ордабасы» өзінің тарихында екінші мәрте кубокті төбесіне көтерді. Бұған дейін олар 2011 жылы Қазақстан кубогіне ие болса, 2007 жылы финалда Қостанайдың «Тобылына» есе жіберген еді.

Аталған турнир 1992 жылдан бері тұрақты өткізіліп келеді.