
Экология министрлігі сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларды қолға алуда, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Экология, геология және табиғат ресурстары министрлігінің жауапты хатшысы Сәбит Нұрлыбайдың төрағалығымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша кеңес өткізілді.
Кеңесте заң қызметі департаментінің директоры М. Хайруллиннің сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің алдағы шаралары жайлы баяндамасы тыңдалды.
Спикер Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің аумақтық бөлімдеріндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің өз дәрежесінде еместігіне тоқталды. Атап айтқанда 2019 жылдың шілдесі мен 2020 жылдың тамызы аралығында 11 қызметкер қылмыстық жауапкершілікке тартылған (қызмет бабын асыра пайдалану, пара алу, заңсыз аң аулау, бюджеттен ақша ұрлау).

Жауапты хатшы комитет төрағасының міндетін атқарушы Н.Жүнісовке комитет қызметкерлері арасында сыбайлас жемқорлық көріністеріне қарсы күресті күшейту жайлы тапсырма берді.
Сонымен қатар кеңесте комитеттердің, аумақтық бөлімше басшыларының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі және «Адалдық алаңы» жобасы кеңсесімен бірлесіп, сыртқы талдау барысында анықталған сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою жайлы жоспарының орындалу барысы тыңдалды.
