11 қар, 2022 сағат 15:16

Өскеменде есірткі таратушылар қолға түсті


Өскемен қаласында есірткі таратумен айналысқан екі адамнан 48 бума психотроптық зат тәркіленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі.

ШҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, «Рефлекс» жедел-алдын алу шарасы барысында есірткі таратумен айналысқан екі адам ұсталды.

Белгілі болғандай, күдіктілердің бірі әлі кәмелет жасына толмаған.

«Тәртіп сақшылары тінту жүргізгенде ұсталғандардан электр таспасына оралған 48 бума тәркіленген. Сараптама көрсеткендей, оның ішінде салмағы 20 грамнан асатын «Альфа-пирролидиновалерофенон» психотроптық заты болған. Қазіргі уақытта жасөспірім үй қамағында, ал оның сыбайласы уақытша ұстау изоляторына қамалды», - делінген ақпаратта.

Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 297-бабы 3-бөлігі (Есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, олардың аналогтарын өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, сатып алу, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Күдіктілер 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.