Фото: gazeta.uz
Өзбекстандық футболшы Абдуқодир Хусанов Англияның «Манчестер Сити» футбол клубының құрамына қосылды. Клубтың спорт директоры Чики Бегиристайн өзбекстандық футболшы туралы пікір білдірді. Бұл туралы ол ойыншыны таныстыруға арналған баспасөз мәслихатында айтты, деп хабарлайды Ult.kz.
«Қалалықтардың» спорт директоры футболшының жоғары әлеуетке ие екенін атап өтіп, «Манчестер Сити» құрамына қосылғанына қуанышты екенін жеткізді.
«Абдуқодирді құрамымызға қосқанымызға қуаныштымыз. Оның команда дамуына үлес қосуын асыға күтеміз. Хусанов өте ақылды, мықты, агрессивті және керемет жылдам ойыншы. Гвардиоламен жұмыс істегенде, ол одан сайын күшейе түседі. Онымен сөйлескенімде, әрдайым өзін дамытуға шешім қабылдағанын түсіндім. Оның келуі Еуропадағы ең үздік командалардың бірі ретіндегі беделімізді нығайтуға тамаша мүмкіндік. «Манчестер Сити» құрамындағы барлық ойыншылар Абдуқодир Хусановты командада көргеніне қуанышты», – деді Бегиристайн.
Айта кетейік, өзбекстандық футболшы жаңа командасында 45-нөмірмен өнер көрсетеді және АПЛ-де ойнайтын алғашқы өзбек футболшысы атанды. Осылайша, АПЛ-де ойыншылары ойнаған елдер саны 119-ға жетті.
Еске сала кетсек, кеше, 20 қаңтарда, Ташкент уақытымен 23:00-де «Манчестер Сити» Абдуқодир Хусановты өз ойыншысы ретінде ресми таныстырған еді.