15 жел, 2022 сағат 10:37

Пандемия кезінде дәрігерлерге бөлінген үстемеақыны жымқырған аурухана директоры сотталды

сурет: newsroom.kz

Қарағанды облысының Бұқар Жырау аудандық соты пандемия кезінде дәрігерлер бөлінген үстемеақыны түрлі қитұрқылықпен иемденді деген күдікпен жауапқа тартылған бұрынғы директорге үкім шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық соттың ресми сайтында жазылған мәлімет бойынша, тергеу кезінде орталық аудандық аурухана директоры болған әйел сыбайласымен бірге медицина қызметкерлеріне төленуге тиіс болған үстемеақы ақшасын жымқырғаны белгілі болған.

Прокурор судьядан аурухана басшысын мүлкін тәркілемей-ақ, 6 жыл бас бостандығынан айыру және өмір бойы мемлекеттік қызметте істеуге тыйым салу жазасын беруді сұраған. Судья күдіктінің әрекетінде қылмысты ауырлататын жайттар жоқ деп ұйғарып, кішкене баласы бар екенін және өзі келтірген шығынды толықтай өтегенін ескеріп, 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын белгіледі. Сотталушы кесілген мерзімді қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздік деңгейі орташа мекемесінде өтейтін болды және өмір бойы мемлекеттік қызметте істеу құқығынан айырылды.

Ал онымен сыйбайлас болған күдікті мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынын айырылып, 3 750 000 теңге көлемінде айыппұл төлейтін болды. Бұл соманы ол екі жылдың ішінде ерікті түрде өтеуге тиіс.