09 қыр, 2020 сағат 11:33

Парламент Мәжілісі өткізетін негізгі шаралар нақтыланды

Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палатаның осы сессияға арналған шаралар негізгі жоспары қаралып, бекітілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Алтыншы сайланған Парламент Мәжілісінің ағымдағы сессиясына арналған іс-шаралар жоспарының жобасы Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бес институционалдық реформасын іске асыру жөніндегі «100 нақты қадам» Ұлт жоспарына сәйкес, сондай-ақ Парламенттің осы сессиясының ашылуы кезінде Мемлекет басшысы 

Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмаларына сәйкес әзірленді. Жоспар жобасы Мәжілістің тұрақты комитеттерінде пысықталды әрі өзекті мәселелерден туындайтын аса маңызды іс-шараларды қамтиды», - деді Мәжіліс төрағасының орынбасары Гүлмира Исимбаева.

Оның сөзіне қарағанда, жоспар бірнеше бөлімнен тұрады. 

Соның ішінде 2020 жылғы қарашада «Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауы аясында азаматтарға заң көмегін көрсету саласын жетілдіру» тақырыбында парламенттік тыңдау өткізу жоспарланып отыр. Сондай-ақ елдегі санитариялық-эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, комитеттердің көшпелі отырыстарын мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың, бизнес құрылымдардың қатысуымен бейне-конференц байланыс форматында кеңейтілген тақырыптық отырыстарға ауыстыру ұсынылады. 

«Мысалы, Экология комитеті бейінді министрлік пен бірнеше облыстарды тарта отырып, Экологиялық кодексті талқылау бойынша отырыс өткізуді жоспарлауда. Бұл отырыс Мемлекет басшысының жыл соңына дейін Экологиялық кодексті қабылдауға қатысты тапсырмасы аясында өзекті сипат алып отыр.Ал, Аграрлық мәселелер комитеті министрліктердің, Алматы және Жамбыл облыстары мамандарының қатысуымен, әлеуметтік мәні бар азық-түлік тауарларымен халықтың өзін-өзі қамтамасыз етуі мақсатында ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту мәселелерін қарауды ұсынды.

Осылайша, облыстардың проблемалары талқыланып, өңірлермен байланыс сақталады», - деді Г. Исимбаева. 

Сонымен қатар, ағымдағы сессияның бірінші жартысында арнайы кесте бойынша жеті Үкімет сағатын өткізу жоспарға алынды. Сондай-ақ, Мәжіліс қатысатын, Парламенттің парламентаралық және халықаралық қызметіне байланысты іс-шаралар, халықаралық конференциялар, дөңгелек үстелдер бейне-конференц байланыс форматында өткізілетін болады.

«Қолдарыңызда Жоспардың жобасы бар. Ол бойынша осы сессияға 30-ға жуық негізгі іс-шара жоспарланып, олар сапалы заң жобаларын дайындауға және қабылдауға бағытталған. Алтыншы сайланған Парламент Мәжілісінің алтыншы сессиясына арналған негізгі іс-шаралар жоспарын бекітуді сұраймын», - деді Мәжіліс төрағасының орынбасары.