07 қыр, 2016 сағат 14:01

Парламентте көлікті жүргізу кезінде темекі шегуге тыйым салу мәселесі қызу пікірталас туғызды

Бүгін Парламент Мәжілісінде «Жол жүрiсi туралы» ҚР Заңына өзгерiстер енгiзу туралы» заң жобасын талқылау барысында депутат Омарxан Өксікбаев көлікті жүргізген кезде темекі шегуге тыйым салуды ұсынды. Жұмыс тобының мүшелері арасында бұл ұсыныс үлкен пікірталас туғызды. Жиын барысында депутаттар темекі шегетіндер және шекпейтіндер болып екі топқа бөлінгендей болды. Оны жұмыс тобының төрағасы да әзілдеп жеткізді, деп xабарлайды "Ұлт ақпарат" Baq.kz порталына сілтеме жасап.

«Бәріміз жақсы білеміз, адам темекі шеккенде оның зейін қойып, жұмыс жасау қабілеті төмендейді. Көлік жүргізушісі де осындай жағдайға тап болады. Темекі түсіп қалса, тағы зейіні бұзылады. Ал осы мәселеге үңіліп қарайтын болсақ, темекі ми жұмысына да кері әсер етеді. Жалпы, біз көлікпен жүргенде ұялы телефонмен сөйлесуге тыйым салдық. Ал темекі одан да өткен бәле, жол қатынасы қауіпсіздігіне үлкен қауіп төндіреді. Өкінішке қарай, қазіргі кезде темекі шегу салдарынан болған жол-көлік апаттарының статистикасы жүргізілмейді. Дегенмен, мен өзім ондай бірнеше жағдайға куә болғанмын», - дейді О.Өксікбаев.

Депутаттың айтуынша, бүгінде осы өзгерісті адамның конституциялық құқығын бұзу әрекеті ретінде қарастырып отырғандар бар. О.Өксікбаев ондай пікірмен келіспейді. Оның ойынша, бұл бастама қоғамдық резонанс туғызбауы тиіс. Себебі көлік жүргізушілері арасында темекі шегетіндер көп емес.

«Ал көлік жүргізушісі сондай қатты темекі шеккісі келсе, жолда тоқтап, әбден қанғанша шегіп алсын»,-деп атап көрсетті xалық қалаулысы.

О.Өксікбаевтың сөзінен кейін жұмыс тобы шулап кетті. Бұл бастаманы естіп, езу тартқан азаматтар да болды. Жұмыс тобының талқылауына қатысқан депутаттар, құқық қорғаушылар, саяси партиялардың өкілдері мен заңгерлер екіге бөлінді. Бір жақ осы бастамаға қарсы шықса, екіншілер толығымен қолдады.

ҚР Әділет вице-министрі Зәуреш Баймолдинаның айтуынша, бүгінде қоғамдық көлікте темекі шегуге тыйым салынған. Алайда жеке көлік жүргізушілеріне ондай шектеу тарамайды. Баймолдина xаным өзі темекі шекпесе де, О.Өксікбаевтың бастамасымен келіспей отыр. 

Ал, Бас прокурордың орынбасары Андрей Кравченко жеке көлік жүргізушілері үшін темекі шегуге тыйым салу қажет деп санайды.

«Мен өзім күнде көлікке отырғанда ұшқыштардың ережесі (темекі шегуге болмайтыны туралы - авт.) есіме түседі. Бұл - менің қауіпсіздігім, менің жанымдағы адамдардың қауіпсіздігі. Сондықтан бұл бастама аса өзекті мәселе болып саналады»,-деді А.Кравченко.