21 сәу, 2020 сағат 10:47

Пойыз жолаушыларын биометриялық сәйкестендіру жобасы қашан іске қосылады?

«Адал жол» жобалық кеңсенің басшысы Исламбек Майшекин жолаушыларды пойызға отырғызу кезінде биометриялық сәйкестендіру жобасы қашан іске қосылатындығын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Алдағы уақытта жолаушы пойызға отыратын кезде жеке тұлғасын сәйкестендіруден өтетін болады. Салыстыру үшін айта кетер болсақ, наурыз айында электронды цифрлық қолтаңбаны онлайн қызметі арқылы ала бастадық. Яғни, кез келген азамат өзіне ЭЦҚ-ны онлайн ала алады. Тұлғаны сәйкестендірудің дәл сондай технологиясы Digital ID қосымшасы арқылы да жолаушылар тасымалында билет сатып алуға мүмкіндік бар. Азамат билетті сатып алған кезде Digital ID қосымшасы арқылы өзінің тұлғасын сәйкестендіреді және цифрлық ID карта жасалады. Аталған картаны билет сатып алу кезінде қолданады», - деді ол.

Оның атап өтуінше, қазіргі уақытта тұлғаны сәйкестендіру технологиясы арқылы билет сатып алған жолаушыларды тексерудің үш нұсқасы қарастырылып жатыр.

«Біріншісі, жолаушылардың тұлғасын сәйкестендіру қосымшасы жүктелген смартфонның көмегімен жолсерік тексереді. Екіншісі, жолаушылардың тұлғасын сәйкестендіретін камералар вокзалға, яғни, перронға шығатын жерде орнатылады. Үшіншісі, мұндай камералар вагонның өзінде орнатылады», - деді Исламбек Майшекин.

Жобалық кеңсе басшысының айтуынша, бастапқыда бұл жобаны наурыз айының соңында енгізу жоспарланған болатын. Алайда елімізде төтенше жағдай режимінің жариялануына байланысты кейінге ысырылған.

«Қазіргі уақытта «Қазақстан темір жолы« компаниясы «Алматы-Атырау« бағытындағы жеке пойызды бөліп отыр. Онда жоба 2-3 ай бойы қолданылады. Ілкі жоба барысында кемшіліктері мен оң тұстары анықталғаннан кейін ары қарай жаппай енгізу жайын ойластырамыз», - деді ол.