
Праймериз барысында дебаттар көп болды. Бұл саяси жүйенің жақсы дамып келе жатқандығын білдіреді. Бұл туралы Қазақстанның парламенттік сайлау қарсаңындағы қоғамдық-саяси процестерін талқылауға арналған онлайн-конференцияда саясаттанушы Эдуард Полетаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бұрын Қазақстандағы депутаттар сайлауы мерзімінен бұрын өтетін, сол себепті үгіт-насихат науқаны аз уақыт ішінде жүзеге асатын. Биыл тамыз айында басталған праймериз «Nur Otan» партиясының қайта жаңғыруының құрамдас бөлігі ғана емес, Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарының сайлау науқанының бөлігі болды деуге болады. Праймериз барысында дебаттар көп болды. Бұл саяси жүйенің жақсы дамып келе жатқандығын білдіреді», - дейді саясаттанушы, «Мир Евразии» қорының жетекшісі Эдуард Полетаев.
Оның айтуынша, заңнамалық өзгерістерге байланысты партиялық тізімнің 30%-ы – әйелдер, 20%-ы – 35 жасқа дейінгі жастар болуы керек.
«Бұл шешім жастар арасында көшбасшы әйелдердің көбеюіне ықпал етті. Әлеуметтік желілерде мыңдаған оқырманы бар танымал тұлғалар праймериз кезінде алдыңғы орындардан көрінген жоқ. Бұл партияішілік дауыс беру мен жалпыұлттық дауыс берудің арасында айтарлықтай айырмашылық болатынын білдіреді. Праймериз жүйесі елімізде тамыр жаяды деп ойлаймын», - дейді ол.
Шараны Нұрсұлтан Назарбаев Қорының жанындағы Әлемдік экономика және саясат институты ұйымдастырды.
