Фото: Ақорда
Қасым-Жомарт Тоқаев Астана халықаралық форумының пленарлық отырысында жаһандағы қарулы қақтығыстардың экономикалық және адамгершілік салдары туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Ult.kz.
Президенттің айтуынша, 2022 жылғы деректер бойынша, әлемде 52 мемлекет соғыс жағдайында тұрды. Бұл қақтығыстардың экономикалық шығыны 19 триллион долларды құрап, әлемдік ішкі жалпы өнімнің 13,5 пайызына тең болған.
«Осындай қақтығыстар анағұрлым ұзақ әрі күрделі сипатқа ие. Оған көптеген топтар, оның ішінде мемлекеттермен байланысы жоқ ұйымдар араласады. Бұл бейбітшілік орнатуға кедергі келтіруде», – деді Президент.
Ядролық қаруға қатысты мәселелер де ерекше алаңдаушылық туғызуда. Қазіргі таңда тоғыз елдің арсеналында 13 мың ядролық оқтұмсық бар, және олардың қолдану ықтималдығы артып келеді. Бір ғана ядролық жарылыстың жаһандық климат апатына әкелуі мүмкін екенін ғалымдар ескертеді.
Президент Қазақстанның ядролық қарусыздану жолындағы бастамаларын атап өтіп, елдің бейбітшілікті сақтауға бағытталған ұстанымын тағы бір мәрте айқындады:
«Біз Кеңес өкіметінен қалған ядролық арсеналдан өз еркімізбен бас тарттық. Қазіргі таңда ядролық және биологиялық қаруды таратпау саясатын ұстанамыз».
Сонымен қатар, Тоқаев жаһандық қауіпсіздік мәселесіне геосаяси тұрғыдан ғана қарамай, ынтымақтастық пен көпжақтылықты сақтау маңызды екенін айтты. Қазақстанның сыртқы саясаты барлық елдердің егемендігін құрметтеу және диалогқа ашықтық қағидаттарына негізделген.
Президент сөзін: «Бірлігіміз – әралуандықта» қағидатын ұстану арқылы ғана біз өркениетті қоғам құра аламыз», – деп түйіндеді.
