21 нау, 2022 сағат 23:39

Президент Алматыдағы Оқушылар сарайына барды


Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев  Алматыдағы Оқушылар сарайына барды. Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова Президентке Оқушылар сарайын таныстырып, атқарылып жатқан жұмыстары туралы баяндады, - деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».

Қала басшысының орынбасарының айтынша, бүгінгі таңда Алматы қалалық Оқушылар сарайында 11 бағыт бойынша 175 үйірме жұмыс істейді. Оқушылар қайта жаңартылған соң, орталық жаңа инновациялық ғылыми-техникалық бағыттарды іске қосу арқылы өз қызметін кеңейткен.

«Біздің сарай жаңартылған соң, жаңа бағыттар қостық. Атап айтатын болсам, Ракета жасау орталығы мен Аэроцентр, планетаны зерттеу, VR және дронмен басқару зертханасы, физика, химия, биология және гидропоника, робототехника, IT бағдарламалау бойынша ғылыми зертханалар сияқты салаларда 25 жаңа үйірме ашылды. Біз түрлі үйірмелер мен секцияларға  10 мыңға жуық баланы қабылдай аламыз», - деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова.

Оның айтуынша, Оқушылар сарайын жөндеп, жаңғырту жұмыстары жалғаса беретін болады. Яғни биыл үлкен концерт залы, қысқы бақ пен музыка бөлімі қайта жөндеуден өтетін болады. Сондай-ақ ол Мемлекет басшысына қаладағы қосымша білім берудің басқа да бағыттарының дамуы туралы қысқаша хабардар еткен.

Қала басшылығының мәлімдеуінше, қазіргі таңда жергілікті бюджет есебінен Алатау, Наурызбай ауданында екі заманауи инновациялық шығармашылық орталық салынып жатыр. Ал мектептегі спорт алаңдарын қайта жаңғырту үшін 1 млрд теңге бөлініпті.

«Сонымен қатар, қосымша білім беруге мемлекеттік білім беру, шығармашылық және спорттық тапсырыстар орналастырылды (осы жылы жоспарланған балаларды қамту 150 000, бұл мектеп оқушыларының жалпы санының 50%). Қабылданған шаралардың арқасында біз 2024 жылға қарай балаларды тегін қосымша біліммен қамтуды 85% жеткізуді жоспарлап отырмыз», - деді қала әкімінің орынбасары.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Оқушылар сарайында биология және нейротехнология, гидропоника, 3D модельдеу және робототехника зертханаларын, сондай-ақ, анимация, дыбыс жазу және білім беру медиа жобаларына арналған студияларды аралаған. Сосын биотехнология үйірмесін жүргізетін Мәскеу физика-техникалық институтының түлегі Тимур Берғалиевпен, жастар робототехника қозғалысының жетекшісі Владимир Райспен, жыл мұғалімі – Дарын Сайыновпен сөйлесіп, олардың жұмыстарымен танысты.

«Мен ерікті жаттықтырушы ретінде қызмет атқарамын. Менің 3D прототиптеу зертханамның сабағы Мемлекет басшысына үлкен әсер қалдырды деп ойлаймын. Сабақтарда балалар 3D басып шығару үшін оңтайландырылған үлгілерді жасау процестерін үйренеді. Нәтижесінде балалардың ауқымды ойлауы мен жобалау дағдылары дамиды. Мұнда балалар Arduino – әлемдік стандартты платформа негізіндегі робототехниканы да оқиды. Ол балалардың электроника негіздерімен танысуын және DIY қауымдастығына қатысуын жеңілдету үшін арнайы жасалған. Мен өзімнің сүйікті ісім арқылы Мемлекмет басшысымен кездесіп, оған өз жұмыстарымды таныстыра алғаным үшін өт қуаныштымын», – деді жастар робототехника қозғалысының жетекшісі Владимир Райс.

Естеріңізге сала кетейік, бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев  Алматыдағы Оқушылар сарайына барды. Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова Президентке Оқушылар сарайын таныстырып, атқарылып жатқан жұмыстары туралы баяндады. Қала басшысының орынбасарының айтынша, бүгінгі таңда Алматы қалалық Оқушылар сарайында 11 бағыт бойынша 175 үйірме жұмыс істейді. Оқушылар қайта жаңартылған соң, орталық жаңа инновациялық ғылыми-техникалық бағыттарды іске қосу арқылы өз қызметін кеңейткен.