Фото: Ақорда
Президент Тоқаев Ашхабадқа барып, бейбітшілік және сенім форумына қатысуда, деп хабарлайды Ult.kz.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық бейбітшілік және сенім жылына арналған форумға қатысу үшін Ашхабад қаласына келді. Әуежайда Мемлекет басшысын Түрікменстан Халк Маслахатының Төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов қарсы алды.
Қос тарап әуежайда-ақ шағын келіссөздер жүргізді. Кездесу барысында Тоқаев бүгінгі геосаяси жағдайда форум тақырыптарының айрықша өзекті екенін атап өтті.
– Бұл басқосу жаһандық тұрақтылыққа және Орталық Азиядағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосылатын маңызды үлес болады, – деді Қазақстан Президенті.
Тоқаев сондай-ақ Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедовтің Қазақстанға жасаған соңғы мемлекеттік сапарына жоғары баға беріп, сол сапарда қол жеткізілген келісімдерді іске асырудың маңызын айтты.
Гурбангулы Бердімұхамедов Қазақстан Президентін Түрікменстанның тұрақты бейтараптығының 30 жылдығына арналған форумға қатысқаны үшін алғыс білдіріп, екіжақты күн тәртібіндегі негізгі бағыттарға тоқталды.
Президент Тоқаев Ашхабадта Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедовпен де жеке кездесу өткізді. Мемлекет басшысы бауырлас елді бейтараптықтың 30 жылдығымен құттықтап, форумда талқыланатын бейбітшілік, сенім және бейтараптылық тақырыптарының уақыт талабына сай екенін атап өтті.
– Қазіргі әлемге жетіспей тұрған да дәл осы құндылықтар, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Келіссөздер барысында екі ел басшылары сауда көлемін арттыру, экономикалық байланыстарды кеңейту, энергетика, көлік-логистика және ауыл шаруашылығы саласындағы бірлескен жобаларды талқылады.
