11 қыр, 2020 сағат 12:37

Президент бизнес-климатты жақсарту мәселесіне баса назар аударуда - Ләззәт Рысбекова

Президент бизнес-климатты жақсарту мәселесіне баса назар аударып отыр. Бұл туралы ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ләззәт Рысбекова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«COVID-19 індеті бизнес саласын қатты тұралатып кетті. Туризм, қоғамдық тамақтану, сауда, қызмет көрсету және басқа да салалар үлкен шығындарға ұшырап отыр. Осыған орай Президент халыққа Жолдауында бизнесті аяғынан тұрғызу, бизнес-климатты жақсарту және оны реттеу мен қадағалау саясатын өзгерту мәселелерін көтерді. Мемлекет басшысы шағын және орта бизнес қиын кезеңде басынан өткеруде, олар пандемияның негізгі соққысын қабылдады деді. Сондықтан мемлекет өз тарапынан кәсіпкерлерді қолдау шараларын қолға алды. Нәтижесінде 700 мыңнан астам кәсіпкерге салық жеңілдіктері берілді. Шағын және орта бизнес үшін еңбекақы қорына түсетін ауыртпалықты азайту туралы тапсырма берілді. Мұндай жеңілдік жыл соңына дейін жалғасатын болады», - деді сенатор. 

Сонымен қатар депутат Президент бизнес-климатты жақсарту мәселесіне де назар аударғанын еске салды. 

«Реттеу мен бақылау саясатының базалық қағидаларының өзгеруі қажет және бұл азаматтардың денсаулығы мен экологияны қорғау мақсатында қолданылса ғана орынды болатындығын» айтты. Бүгінде Ресей Федерациясы «регульяторная гильотина» деп аталатын саясатты жүргізуде. Оның мәнісі бизнестің қызметіне кедергі келтіретін заң нормаларын анықтап, азайту және сол арқылы бизнестің дамуына жол ашу болып саналады. Менің ойымша, Қазақстан да реттеу мен бақылау бағытындағы заңнамаларға талдау жасап, ескірген нормаларды жоюы қажет деп есептеймін. Міне Мемлекет басшысы да бизнеске жасалған үшжылдық мораторийді пайдалана отырып, бақылау тетіктерін жаңалауды тапсырды. Бұл бизнестің екінші тынысын ашады деген сенім мол», - деді Ләззәт Рысбекова.