Фото: Ақорда
Елордада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі қорытындыланды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев форум жұмысына баға беріп, оның жаһандық маңызын атап өтті, деп хабарлайды Ult.kz.
Президенттің айтуынша, бірнеше күнге созылған алқалы жиынға түрлі мәдениет пен өркениет өкілдері жиналып, құрмет пен сыйластыққа негізделген сындарлы диалог орнатты.
«Меймандарымыздың діні мен ділі бөлек болса да, тілегі мен ниеті бір екені сөзсіз. Съездің қорытынды Декларациясы – соның айқын дәлелі», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы дінбасылардың ортақ мүдде жолында күш біріктіруге әзір екенін ерекше атап өтті. Ол бүгінгі геосаяси тұрақсыздық жағдайында көрегендік пен парасаттылыққа негізделген диалогтың мән-маңызы зор екенін жеткізді. Форум барысында әлеуметтік теңсіздік, инклюзивті қоғам құру, экология, орнықты даму және жасанды интеллектінің адам өміріне ықпалы сияқты мәселелер кеңінен талқыланды.
Президент діни дипломатияның халықаралық сенімді нығайтудағы маңызын тағы бір мәрте атап, съезд қатысушыларын ортақ декларация идеяларын белсенді насихаттауға шақырды. Сонымен қатар дін көшбасшыларының климат өзгерістерімен күрес және жасанды интеллектіні жауапкершілікпен пайдалану қағидаттары жөніндегі ұсыныстарын толық қолдайтынын жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев тарихи ескерткіштерді, мәдени әралуандықты және рухани мұраны сақтау қажеттігін де сөз етті.
«Жас діни көшбасшылар форумы өскелең ұрпақтың сабақтастықты сақтауға, диалог пен өзара түсіністікке ұмтылатынын көрсетті. Бұл – әлемнің келешегі бар деген сөз», – деді Президент.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қазақстанның барлық деңгейде дінаралық және мәдениетаралық диалогты қолдайтынын және съездің жаһандық пікірталас алаңы ретіндегі ықпалын арттыруға күш салатынын мәлімдеді.
«Бейбітшілік – ең басты байлығымыз. Татулық пен тұрақтылық баянды болашақтың мызғымас кепілі. Бүгінгі басқосу – соның жарқын көрінісі», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
