
Халық ең алдымен ел іргесінің беріктігін терең жауапкершілікпен сезінуі керек. Елдегі митингтерге қатысты бұл пікірді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық «Ана тілі» басылымына берген сұхбатында білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бейбіт жиындар мен митингтерге қатысу – Қазақстан азаматтарының конституциялық құқығы. Ата заңымыздың кепілі ретінде азаматтардың құқығын толық қамтамасыз ету – менің міндетім. Бұл жөнінде былтырғы Жолдауымда айттым», - деді Президент.
Мемлекет басшысы Парламент «Бейбіт жиындар туралы» жаңа заң қабылдағанын еске салды.
«Қоғамдық сараптамадан өткен аталған заң – менің ойымша, еліміздегі демократияны ілгерілету үшін жасалған маңызды қадам. Енді бейбіт жиындарды өткізу үшін рұқсат сұрамай-ақ, бес күн бұрын жергілікті билікке ескертсе жеткілікті. Осындай жиындарды өткізу үшін бірқатар арнайы орындар бөлінді. Митинг ұйымдастырушылардан қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзбау талап етіледі. Сондай-ақ олар Конституцияға қайшы келетін үндеулермен шықпауы, ұлтаралық және әлеуметтік алауыздық туғызбауы қажет. Бұл – қалыпты жағдай. Әсіресе АҚШ-та және басқа да дамыған елдерде болған соңғы оқиғаларды ескеру керек», - дейді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық құқық қорғау ұйымдарынан грант алатын кейбір азаматтарымыз қабылданған заңды негізсіз сынайтынынан да хабары барын жеткізді.
«Олардың пікірінше, Қазақстанда «Митингке қашан шығамын? Кіммен шығамын және қай жерде өткіземін? Яғни өзім білем» деген жүгенсіздік қағидаты болуы керек екен. Әсіресе солардың митингіге шетел азаматтары мен кәмелетке толмаған балалардың қатысуын талап етуін шектен шыққандық деп санаймын. Олардың ойы белгілі. Ондай адамдарға тыныштық пен тұрақтылық қажет емес. Ал біз қарқынды дамыған, татулығы жарасқан Тәуелсіз Қазақстанды сақтауымыз керек. Халық ең алдымен ел іргесінің беріктігін терең жауапкершілікпен сезінуі керек. Сонымен қатар мемлекет өз азаматтарының заңды талаптарына құлақ асуға, қаржылық және құқықтық мүмкіндіктер аясында оларға жәрдем беруге міндетті», - деп атап өтті ол.
Президент жастар үшін әлеуметтік лифт орнықтыру керектігін, ол үшін мемлекеттік басқару ісіндегі және идеология саласындағы қателіктерді дер кезінде түзету қажеттігін мәлім етті.
«Егер жұмыс осылай жүретін болса, сөзсіз әділдік орнайды. Мен мұны сайлау алдындағы бағдарламамда айтқан болатынмын. Сонда митингтің де қажеті болмай қалады. Соңғы кездері елімізде «митингшілдік» белең алуда. Көбінесе азаматтарымыз сырттағы біреулердің арандатушылық ұрандарына еріп жүр. Бұл – аймақтық бәсекелестік күшейіп келе жатқан халықаралық аренада Қазақстанды ыңғайсыз жағдайға қалдырып отыр. Қазақстан мен Өзбекстан – Орталық Азиядағы ең ірі мемлекеттер. Екі ел арасында кең ауқымды ынтымақтастық артып келеді. Бұл жерде экономикалық бәсекелестіктің де болатынын жоққа шығармаймыз. Осы жағдайларды әрқашан есте ұстау керек. Қазақстан өзінің көшбасшылық позициясын сақтап қалуға міндетті. Ол үшін елімізде тұрақтылық болуға тиіс. Егер ішкі мәдениетімізге салсақ, ол тұрақтылықты күштік құрылымдар емес, бірінші кезекте халықтың өзі қамтамасыз етуі қажет», - деді Президент.
