Фото: Ақорда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевты қабылдады, деп хабарлайды Ult.kz.
Президентке ведомствоның биылғы негізгі жұмыс бағыттары жөнінде баяндалды.
Кездесу барысында Асқарбек Ертаев халықты жұмыспен қамту жоспары туралы мәлімет берді. Министрлік уақытша шаралардан гөрі тұрақты әрі сапалы жұмыс орындарын ашуға, еңбек ұтқырлығын арттыруға және білім беру жүйесі мен еңбек нарығы арасындағы байланысты күшейтуге басымдық бермек. Әсіресе жастарды, соның ішінде NEET санатындағы азаматтарды жұмыспен қамтуға ерекше мән берілетіні айтылды.
Сондай-ақ атаулы әлеуметтік көмек жүйесін одан әрі жетілдіру жоспарлары таныстырылды. Бұл бағытта цифрлық бағалау құралдары арқылы әлеуметтік қолдаудың нақты мұқтаж азаматтарға жетуін қамтамасыз ету көзделіп отыр. Сонымен қатар еңбекке қабілетті азаматтарды міндетті түрде жұмыспен қамтуды көздейтін әлеуметтік келісімшарт тетігін кеңейту жоспарланған.
Министр зейнетақы жүйесінің ұзақ мерзімді тұрақтылығын қамтамасыз ету және зейнетақы төлемдерінің лайықты деңгейін сақтау мәселелеріне де тоқталды. Бұдан бөлек, мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау шаралары талқыланды. Министрлік арнаулы әлеуметтік қызметтерді жан басына қарай қаржыландыру тетігін дамытуға, қызмет сапасының стандарттарын арттыруға, оңалту қызметтері мен техникалық құралдардың қолжетімділігін кеңейтуге ниетті. Инклюзивті жұмыс орындарын ашу мәселесіне де назар аударылды.
Кездесу барысында көші-қон саясатының 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспары туралы ақпарат берілді. Бұл ретте көші-қон үдерістерін басқару мен болжауды жетілдіру, ішкі миграцияны теңгерімді жүргізу және еңбек нарығын қорғау басымдықтары айқындалды.
Мемлекет басшысы халықты жұмыспен қамту, азаматтардың табысын арттыру, әлеуметтік қолдаудың нақты мұқтаж жандарға жетуін бақылауды күшейту, зейнетақы жүйесін жетілдіру, теңгерімді көші-қон саясатын іске асыру, әлеуметтік қорғауда инклюзивті тәсілдерді дамыту, сондай-ақ цифрлық шешімдер арқылы еңбекті қорғау жүйесін нығайту және қауіп-қатерлердің алдын алу бойынша бірқатар нақты тапсырма берді.
