08 қыр, 2025 сағат 13:41

Президент: Өңдеу өнеркәсібін дамытуға жаңа серпін қажет

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында өңдеу өнеркәсібінің дамуына жаңа серпін беретін уақыт келгенін айтты, деп хабарлайды Ult.kz.

Президенттің айтуынша, соңғы бес жылда салада елеулі нәтижелер бар:

  • өңдеу өнеркәсібінің жалпы қосымша құны екі есе өсіп, 17 трлн теңгеге жетті;

  • оның ЖІӨ-дегі үлесі 12,4%-ға артты;

  • тек өткен жылы 163 жаңа өндіріс іске қосылып, 12,5 мың тұрақты жұмыс орны ашылды.

Алматы, Қостанай, Қарағанды, Атырау облыстарында машина жасау мен металлургия саласында ірі кәсіпорындар ашылды. Биыл Алматыда Қазақстандағы ең ірі автокөлік өндірісі іске қосылды.

Алайда Президент экономиканы әртараптандыруды тың қарқынмен жалғастыру қажеттігін атап өтті. Қазіргі қолдау шаралары жүйесіз жүргізіліп жатқандықтан, кәсіпкерлер үшін түсініксіз жағдай туындайды. Сондықтан бұл саланы үйлестіруді күшейту міндеті қойылды.

Тау-кен металлургиясы әлі де экономиканың сенімді тірегі болып отыр (үлесі – 8%). Бірақ оның әлеуеті әлдеқайда жоғары. Әлемдік үрдістерге сай, сирек кездесетін металдар мен қажетті материалдарды терең өңдеу маңызды. Қазақстан алдағы үш жылда осы салада жоғары технологиялық өнім шығаратын кемінде үш кәсіпорынды іске қоспақ.

Сонымен қатар, Үкіметке көмірсутегі шикізатын терең өңдеуге бағытталған бірқатар жобаларды жүзеге асыру тапсырылды. Атырауда газ-химия кешені, Павлодарда сұйытылған газды өңдеу жобасы қолға алынды.

«Ілеспе газ бен сұйытылған мұнай газын толыққанды экономикалық ресурсқа айналдыру қажет. Инвесторларды ұзақ мерзім газбен қамтамасыз ететін нақты кепілдіктер берудің жаңа тәсілдерін ойластыруымыз керек», – деді Президент.


Мемлекет басшысы жобаларды дер кезінде іске асыру үшін жеткілікті электр энергиясын қамтамасыз ету аса маңызды екенін де қоса айтты.