22 қаз, 2020 сағат 11:40

Президент сайлау туралы: Партиялар саяси бәсекелестіктің жоғары деңгейін көрсетеді деп сенемін

Бүгін Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің төртінші отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы парламенттік сайлауға қатысты пікір айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Парламенттік сайлау датасын жариялау арқылы біз ресми түрде кезекті сайлау циліне аяқ бастық. Алдағы сайлау Қазақстанда тұрақты демократиялық институттарды дәйекті түрде құруда маңызды кезең болады. Сайлау Конституцияда бекітілген мерзімде өтеді», - деді Президент. 

Осы орайда Мемлекет басшысы барлық партияларда сайлауға жақсы дайындалу үшін уақыт жеткілікті болғанын атап өтті. 

«Барлық партиялар саяси бәсекелестіктің жоғары деңгейін көрсетіп, елдің дамуының өзекті күн тәртібін ұсынады деп сенемін. Бізде бір мақсат – халықтың амандығы мен біздің ортақ шаңырағымыздың гүлденуі», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.