20 қаң, 2026 сағат 14:18

Президент Шымкенттегі студент қыздың өліміне қатысты ІІМ мен Бас прокуратураға тапсырма берді

Фото: ашық дереккөз

Мемлекет басшысы Шымкентте Нұрай есімді бойжеткеннің кісі қолынан қаза табуына байланысты пікір білдіріп, бұл оқиғаның ел ішінде үлкен алаңдаушылық туғызғанын айтты, деп хабарлайды Ult.kz.

Президенттің айтуынша, аталған жағдайға қатысты Ұлттық құрылтайға 130-дан астам өтініш келіп түскен. Тергеу барысында күдіктінің марқұм Нұрайды ұзақ уақыт аңдып, қоқан-лоқы көрсеткені анықталған. Соның салдарынан қайғылы оқиға орын алған.

Осыған байланысты Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министріне Шымкент қалалық полиция департаментінің әрекетіне құқықтық баға беруді тапсырды. Сонымен қатар Бас прокурорға да бұл істі мұқият тексеру міндеттелді.

Мемлекет басшысы сөзінде қыз алып қашу фактісіне де ерекше тоқталды. Президенттің айтуынша, қыз алып қашу – адам ұрлау болып саналады және бұл ұлттың беделіне нұқсан келтіретін өрескел әрі жабайы қылмыс.

«Ондай қатігездікке ешқашан жол беруге болмайды. Заң мен тәртіп – бәріне ортақ. Әрбір азамат заң талаптарын бұлжытпай орындауға тиіс», – деді Президент.


Сондай-ақ Мемлекет басшысы қоғамда азаматтық жауапкершіліктің артып келе жатқанын атап өтіп, заңнамалық өзгерістер де соған сай жүргізілуі керектігін жеткізді.