Фото: Ақорда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Конституция жобасының маңызы туралы айтып, оның тәуелсіздік, егемендік және ұлттық құндылықтарды қорғауға бағытталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ult.kz.
Президенттің айтуынша, жаңа Ата заңда Қазақстанның тәуелсіздігі, егемендігі және аумақтық тұтастығы басты қағидаттар ретінде бекітілген. Бұл нормаларды қайта қарауға немесе өзгеше түсіндіруге болмайды.
Сонымен қатар Конституция жобасында ұлттық валютаның мәртебесі алғаш рет нақты айқындалған. Мемлекет басшысы бұл норманың маңызы зор екенін атап өтті.
«Төл валютаның Елтаңба, Ту және Әнұранмен қатар тұруы бекер емес. Бұл жаңашылдық егемендікті, соның ішінде қаржылық дербестікті құқықтық тұрғыдан қорғауды көздейді», – деді Президент.
Жаңа Конституция мәтінін әзірлеуге Президенттің өзі қатысқан
Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Конституция жобасының мәтінін әзірлеу процесіне өзі де тікелей қатысқанын айтты. Оның сөзінше, құжаттағы әрбір тарау мен бап мұқият қарастырылған.
«Мен Мемлекет басшысы ретінде жаңа Конституция жобасының мәтінін жазуға тікелей атсалыстым. Әр тарауына, әр бабына ерекше мән беріп, ұсыныстарымды Конституциялық комиссияға жолдадым», – деді ол.
Президент сондай-ақ құжаттағы терминдердің қазақ халқының дүниетанымына сай болуына ерекше көңіл бөлінгенін жеткізді. Мәселен, ол «аумақтық тұтастық» ұғымының орнына «жердің тұтастығы» деген ұғымды қолдану мәселесін көтергенін айтты. Алайда халықаралық тәжірибеге сәйкес «аумақтық тұтастық» термині өзгеріссіз қалған.
Мемлекет басшысы жер ұғымының қазақ халқы үшін ерекше маңызға ие екенін атап өтті.
«Жер – қазақ үшін ең қастерлі ұғымдардың бірі. Ата-бабаларымыз бір қарыс жер үшін жанын құрбан еткен. Оның табиғатын аялау, тұтастығын сақтау – қасиетті борышымыз», – деді Президент.
Жаңа Ата заң – «Халық Конституциясы»
Президенттің айтуынша, жаңа Конституция жобасы кең көлемде талқыланып, азаматтардан мыңдаған ұсыныс түскен. Барлық орынды ұсыныстар мұқият қаралып, ескерілген.
Сондықтан Мемлекет басшысы бұл құжатты «нағыз Халық Конституциясы» деп атауға болатынын айтты.
«Конституция жобасы жан-жақты зерделеніп, қызу талқыдан өтті. Сондықтан оны нағыз Халық Конституциясы деп нық сеніммен айта аламыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Конституция өзгерістері тек референдум арқылы қабылданады
Президенттің айтуынша, ұсынылған Конституция жобасы қабылданса, мемлекет пен азаматтардың қарым-қатынасы жаңа деңгейге көтеріледі және елдің құқықтық жүйесі жаңарады.
Сонымен қатар Ата заңға өзгерістер енгізу тәртібі де өзгереді. Бұған дейін Конституцияға өзгерістерді Парламент енгізе алатын болса, енді мұндай шешімдер тек жалпыхалықтық референдум арқылы қабылданатын болады.
Мемлекет басшысы бұл қадам жекелеген саяси топтардың мүддесі үшін негізсіз конституциялық өзгерістер жасауға жол бермейтінін айтты.
Президент жастарды референдумға қатысуға шақырды
Мемлекет басшысы жастарға арнайы үндеу жасап, референдумға белсенді қатысу ел тағдырына бей-жай қарамаудың белгісі екенін айтты.
Президенттің сөзінше, жаңа Конституция жобасы ең алдымен жас ұрпақтың болашағына арналған.
«Сіздер Ата заңға үлес қосқан азаматтар ретінде ел тарихына өз есімдеріңізді жазып қалдыра аласыздар», – деді ол.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, болашақта Қазақстан білім мен ғылымы дамыған, заң үстемдігі орныққан, цифрландыру мен жасанды интеллект кең қолданылатын қоғамға айналуы тиіс.
Мемлекет басшысы еліміздің болашағы жастардың белсенділігі мен жауапкершілігіне байланысты екенін атап өтті.
«Мен халқымыздың жасампаз қуатына, жастардың таудай талабына сенемін. Бірлікпен жұмыс істесек, Қазақстанның болашағы жарқын болады», – деді Президент.
