04 қыр, 2020 сағат 17:30

Президенттің жемқорлыққа қарсы бастамаларын заңнамалық тұрғыда қамтамасыз ету маңызды - Нұрлан Қылышбаев

Президенттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы бастамаларын заңнамалық тұрғыда қамтамасыз ету маңызды. Мемлекет басшысының Жолдауына қатысты пікір білдірген Сенат депутаты Нұрлан Қылышбаев осындай пікір білдірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтылған маңызды бағыттардың бірі – сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес. 

Президент атап өткендей, мемлекеттік органдардың шағын және орта бизнес қызметіне кез келген араласуы мемлекетке қарсы жасалған ауыр қылмыс ретінде қаралатын болады. 

Осы ретте заңнамаға өзгерістер енгізу аса қажетті. Сыбайлас жемқорлық қылмысын жасаған адамдарды шартты түрде мерзімінен бұрын босату үшін тосқауыл қою, олар үшін мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік секторда жұмыс істеуге тыйым салу қажет. 

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы алдын алу шараларына, сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызатын факторларды жоюға ерекше назар аудару қажеттігін атап өтті. Сыбайлас жемқорлыққа қатысты заң бұзушылықтардың басым бөлігі көлеңкелі экономикадан келеді. Президент атап өткендей, ЖІӨ-нің үштен бір бөлігі көлеңкелі секторға тиесілі. Көлеңкелі экономика проблемасын шешу мемлекет бюджетіне қосымша түсімдерді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. 

Қ.Тоқаев депуттардың алдына сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің заңнамалық базасын қамтамасыз ету туралы нақты тапсырма белгілеп отыр», - деді депутат.