Фото: ашық дереккөз
Елорда прокуратурасы «Qyran» тұрғын үй кешеніндегі пәтерлерді екі рет сату дерегі бойынша қылмыстық істі сотқа жолдады, деп хабарлайды Ult.kz.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында күдіктілер құрылыс компаниясының қызметкерлері бола отырып, «Qyran» тұрғын үй кешеніндегі пәтерлерді қайталап сату арқылы азаматтарды алдағаны анықталған.
Тергеу мәліметінше, олар «International Invest Company IIC» ЖШС атынан әрекет етіп, жылжымайтын мүлікті сату құқығын растайтын макеттерді, техникалық паспорттарды және өзге де құжаттарды көрсеткен. Азаматтарға пәтерлерді, тұрғын емес үй-жайларды және автотұрақ орындарын нарықтық бағадан төмен құнмен сатып алу ұсынылған.
Алайда заңды сатып алу-сату шартының орнына мемлекеттік тіркеуге жатпайтын брондау шарттары, кепіл келісімдері және алдын ала шарттар рәсімделген. Сатып алушылар қаражатты күдіктілердің жеке шоттарына аудару арқылы немесе қолма-қол төлеген.
Қылмыстық әрекеттер салдарынан келтірілген шығын көлемі 8 миллиард теңгеден асқан.
Сот санкциясымен жалпы сомасы 7,4 миллиард теңгені құрайтын жылжымайтын және жылжымалы мүлікке тыйым салынды.
Үш күдіктіге қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылса, төртіншісіне кепіл түріндегі шара таңдалған.
Қылмыстық іс мәні бойынша қарау үшін сотқа жіберілді.
