Фото: alash.kz
Астана маңындағы Жібек жолы ауылы тұрғындарының бірі төрт адамды өлтірді деген күдікке ілінді. Қайғылы оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырып отыр, деп хабарлайды Ult.kz.
Ақмола облыстық полиция департаменті бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Әлеуметтік желілерде ер адамның өз әке-шешесін, ағасын және жиенін өлтіргені туралы ақпарат тарады. Сондай-ақ күдіктінің психикалық ауруға шалдыққаны жөнінде де түрлі болжам айтылуда. Алайда полиция өкілдері мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде расталмаған мәліметтердің көбейгенін ескертіп, ресми ақпаратқа ғана сенуге шақырды.
Аталған дерек бойынша іс Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі-нің 99-бабы («Екі немесе одан көп адамды өлтіру») бойынша тіркелді. Бұл бапқа сәйкес 15 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Қазіргі уақытта қылмыстың мән-жайы анықталып жатыр.
