02 нау, 2026 сағат 14:02

Астанадағы мектеп директоры мен бухгалтері 600 млн теңге жымқырғаны үшін сотталды


Фото: Kozachkov offside


Астананың Қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында 65 жастағы Гүлнар Садықова мен 41 жастағы бас бухгалтер Айжан Атжановаға қатысты үкім шықты, деп хабарлайды Ult.kz.


“Kozachkov offside” Telegram арнасының мәліметінше, олар 10 жылдан астам уақыт басқарған №81 Astana English School мектебін жеке бизнесіне айналдырып, мемлекетке шамамен 600 миллион теңге залал келтіргені анықталды.


Тергеу мәліметіне сәйкес, директор мен бухгалтер бірнеше жыл бойы мектеп арқылы табыс табудың тұтас схемасын құрған. Олар жоқ қызметкерлерге жалақы төлеп, сол қаражатты өз қалтасына өткізген. Тек бұл әрекеттен 28 миллион теңге алынған.


Сонымен қатар, мектеп рұқсаты жоқ дайындық сыныптарын ашып, ата-аналардан қолма-қол ақша алған. Осыдан келген шығын шамамен 300 миллион теңгені құраған. Жазғы лагерьлер де ресми құжатсыз жұмыс істеген, бұл арқылы кемінде 24 миллион теңге табыс түскен.


Директор шетелдік мұғалімдерді жоғары жалақымен жұмысқа шақырып, бөлінген қаражаттың бір бөлігі өзінің қалтасына түскен. Тергеу дерегіне сәйкес, бұл сома 70–75 миллион теңгені құраған. Бас бухгалтердің шоттары арқылы 175 миллион теңгеге жуық қаражат өткен.


Сотта екі айыпталушы да кінәсін жартылай мойындады. Олар дайындық сыныптары мен лагерьлерден түскен қаражат мектептің қажетіне, соның ішінде ғимаратты жөндеуге жұмсалғанын айтқан.


Судья Әсел Мукушева Садықова мен Атжанованы бюджет қаражатын жымқыру, қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану және қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру баптары бойынша кінәлі деп тапты.


Гүлнар Садықова 8 жылға бас бостандығынан айырылып, 500 шаршы метрлік үй, 10 қымбат сөмке және зергерлік бұйымдары тәркіленді. Айжан Атжанова 7 жылға сотталып, автокөлігінен және коммерциялық нысанынан айырылды.


Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.