Фото: ашық дереккөз
Астананың ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотында 65 жастағы Гүлнар Садықова мен 41 жастағы Айжан Атжановаға қатысты үкім жарияланды. Садықова он жылдан астам уақыт елордадағы №81 мектепті басқарған, ал Атжанова бас есепші қызметін атқарған, деп хабарлайды Ult.kz.
Соттың анықтауынша, бірнеше жыл бойы білім беру мекемесінде алты қызметкер жалған түрде тіркеліп, іс жүзінде жұмыс атқармаған. Оларға есептелген жалақы заңсыз иемденіліп отырған. Бұл эпизод бойынша келтірілген шығын 28 млн теңгеден асқан.
Сонымен қатар мектепте мектепке дейінгі білім беруге лицензия болмағанына қарамастан нөлдік сыныптар ұйымдастырылғаны белгілі болды. Төлемдер қолма-қол қабылданған. Осы бағыттағы залал көлемі 300 млн теңгеден асқан.
Тергеу жазғы лагерьлерді ұйымдастыру барысында да заңбұзушылықтар болғанын анықтаған. Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігі мәліметінше, бұл эпизод бойынша табыс кемінде 24 млн теңгені құраған.
Бұдан бөлек, шетелдік оқытушыларды жоғары мөлшерлемемен жұмысқа шақыру кезінде де қаржының бір бөлігі иемденілгені дәлелденді. Әңгіме шамамен 70–75 млн теңге туралы болып отыр. Іс материалдарына сәйкес, Айжан Атжанованың есепшоттары арқылы шамамен 175 млн теңге өткен.
Судья Әсел Мукушева екі айыпталушының кінәсі толық дәлелденді деген қорытындыға келді. Гүлнар Садықова 8 жылға бас бостандығынан айырылып, мүлкі тәркіленді. Айжан Атжанова 7 жылға сотталып, автокөлігі мен коммерциялық нысаны тәркіленді.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
