
Коронавирус өршіген Қытайдың Хубэй провинциясынан Ресей Федерациясының азаматтарын эвакуациялауға дайындау жұмыстарына қатысқан ресейлік екі дипломат екіапталық каратинге жатқызылады. Бұл туралы жұма күні ҚХР-дағы Ресей елшісі Андрей Денисов тілшілерге айтып, дипломаттар карантинде елшілік аумағында болатынын мәлім етті, деп хабарлайды ТАСС.
Елшінің айтуынша, дипломаттар Уханьға ресейліктерді эвакуациялау шарасына шұғыл жетекшілік ету үшін барған. «Олардың (РФ азаматтарының) сол жақта болуын ұйымдастыру, сумен, қарапайым тағаммен қамтамасыз ету керек болды. Осының барлығын елшіліктің екі қызметкері жасады», - деді ол.
«Олар бүгін немесе ертең таңертеңмен Бейжіңге қайтуы керек. Сол жақта оқшауланған ғимарат бар, оларға бәрін дайындап қойдық: су, интернет, теледидар, үйге арналған аяқ-киімдер, тоңазытқышта азық-түлік бар», - деп хабарлады елші.
«Қытай билігі 2019 жылдың желтоқсан айының соңында Хубэй провинциясының Ухань қаласында 2019-nCoV вирусынан пайда болған жаңа пневмония түрін тіркеді. ҚХР-дан бөлек, инфекцияны 24 елдің азаматтары жұқтырғаны анықталды, оның ішінде Ресей де бар. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы індетке байланысты халықаралық дәрежедегі төтенше жағдай жариялап, оны ошағы көп эпидемия деп сипаттады. Соңғы мәліметтер бойынша, Қытайда ауру жұқтырғандар саны 31,1 мың адамнан асты, 630 адам мерт болды, 1,5 мыңнан астамы сауықты», - деп жазады ТАСС.
РФ елшілігінің бағалауы бойынша, Хубэй провинциясында Ресейдің 341 азаматы болған, олардың 183-і дипломаттармен байланысқа шықты. 5 ақпан күні Ресей Әскери-ғарыш күштерінің екі борты Ухань қаласынан 144 адамды Түменге жеткізді. Олардың 128-і ресейлік, және ЕАЭО пен Украина азаматтары бар. РФ бас санитарлық дәрігері Анна Попованың хабарлауынша, Ресейге эвакуцияланған азаматтар өздерін жақсы сезінеді, оларда коронавирустың жаңа түрінің белгілері жоқ.
