26 қаң, 2023 сағат 17:38

Рыбакина Australian Open финалына шықты

Фото: ҚТФ

Қазақстан теннисшісі Елена Рыбакина Australian Open-2023 жарысының финалына шықты. Ол жартылай финалда Виктория Азаренконы (Беларусь) жеңді. Осылайша Рыбакина бұл жарыстың финалына шыққан алғашқы қазақстандық теннисші атанды, деп хабарлайды Азаттық радиосы.

МАТЧ ҚАЛАЙ ӨТТІ?

Бірінші сет өте тартысты өтті. Екі теннисші де екі реттен брейк-пойнт жасады. Сеттің аяғында Рыбакинаның бірінші доп асырғаны (first serve) өтпей, көп қателесті. Азаренко да Рыбакинадан соққылар алып, сет 6:6 болды. Кейін сет тайбрейкке ұласып, тайбрейкте Рыбакина 7:4 есебімен жеңді.

Екінші сет Рыбакина үшін оңай болды. Үш рет брейк-пойнт жасап, 6:3 есебімен басым түсті. Матч кезінде Рыбакина 9 эйс асырды. Осылайша ол осы турнирде 44 эйс жасап, бұл көрсеткіш бойынша лидер болып тұр.

Матчтан кейін Рыбакина жеңіске жеткеніне қуанышты екенін айтып, бапкерлеріне алғыс білдірді.

"Әрине, командам қатты қобалжып отырды, олар менің жақсы ойнағанымды қалайды ғой. Бүгінгі ойын қиын болды, себебі күн салқын, доп дұрыс ұшпады. Агрессиялы ойын көрсете алмадым. Дегенмен матч соңында жақсы ойнап, жеңіске жеткеніме қуаныштымын. Финалда да барымды саламын" деді Рыбакина матчтан кейін.

AP Images

Осы матчты корттан тамашалаған қазақстандық жанкүйер Ерік Ілиясов Мельбурнде ауа райы салқындау әрі жел болып тұрғанын, бұл екі теннисшінің ойынына кері әсер еткенін айтады.

– Мельбурнде бүгін +20 градус әрі жел. Осыған дейін күн ыстық болған. Ыстықта доп жеңіл ұшады. Ал желді күні дұрыс ұшпай қалады. Сондықтан болар, Елена доп асырғанда добы дұрыс ұшпай жатты. Жел екі ойыншыға да әсер етті. Шешуші фактор сенімділік пен психология болды. Рыбакина бірінші сетте жеңіліп қалар еді, жинақталып, тайбрейкті өз пайдасына шешті. Ал екінші сетте Рыбакина жинақы ойнады, Азаренконың психологиясы әлсіз болды, – деді Ілиясов .

Grand Slam жарыстарының жеті дүркін жеңімпазы, швециялық ардагер теннисші Матс Виландер Eurosport телеарнасының эфирінде "Бұл ойынымен Рыбакина алдағы бес жылда Grand Slam жарыстарының он финалына шығады" деп болжады.

Сарапшылар осыған дейін Рыбакинаның доп асыруы өте мықты деп, оның асырған доптарын тоқтату я алу өте қиын екенін бірнеше рет атап өткен.

Wimbledon жарысының 1987 жылғы жеңімпазы, ұлыбританиялық Пэт Кэш ВВС радиосының эфирінде "Рыбакинаның ойыны өте мықты, онымен ойнау өте қиын. Жүйкең сыр бере бастағанда сол сәтті өзіңе қарсы қолданып кетеді" деді.

Елена Australian Open-2023 жарысының финалына шығардан бұрын америкалық Даниела Коллинсті (былтырғы финалист), әлемнің бірінші ракеткасы, польшалық Ига Швентекті, 2017 жылы Франциядағы Roland Garros жарысын жеңген латвиялық Елена Остапенконы жеңді.

Отандасымыз сенбідегі финалда Арина Соболенко (Беларусь) пен Магда Линетт (Польша) арасындағы матчтың жеңімпазымен ойнайды.

РЫБАКИНА ӘЛЕМНІҢ ҮЗДІК ОН ТЕННИСШІСІНІҢ ҚАТАРЫНА ЕНБЕК

Осы жеңісінің арқасында 23 жастағы Рыбакина келесі аптада әйелдер арасындағы WTA (Әйелдер теннисі халықаралық қауымдастығы) рейтингінде ТОП-10 теннисшінің қатарына енбек. Бұрын-соңды Қазақстан теннисшілері жекелей сында әлемдік рейтингіде үздік ондыққа енбеген еді. Australian Open жарысы басталғанда Рыбакина 25-орында тұрған. Қазақстандық теннисші былтыр Wimbledon (Ұлыбритания ашық чемпионаты) жарысында жеңіске жеткен соң үздік ондыққа енуі керек еді. Бірақ WTA Ұлыбритания үкіметі жарысқа Ресей мен Беларусь теннисшілерін қатыстырмаған соң, рейтингіге ұпай беруден бас тартқан.

33 жастағы Азаренко қазір рейтингінің 24-орнында. Беларусь теннисшісі 2012- 2013 жылдары осы Australian Open жарысында жеңіске жеткен еді.

Рыбакина былтыр жазда Лондондағы Wimbledon жарысында жеңіске жеткеннен кейін жанкүйерлер арасында таныла бастаған. Сол кезде Рыбакинаның "Grand Slam жарысында жеңген алғашқы қазақстандық теннисші" екені де, оның Ресей азаматтығынан бас тартып, Қазақстан атынан жарысқа қатыса бастағаны айтылған. Ресей журналистері мен теннис шенеуніктері Рыбакинаны "біздің өнім" дегені Қазақстанда қарсылыққа ұшыраған. Теннисшінің өзі "Қазақстан болмаса, мен қазір бұл жеңіске жете алмас едім" деген. Ресейде туған Рыбакина Қазақстан теннис федерациясының президенті, миллионер Болат Өтемұратовтың шақыруымен Қазақстанға келген еді.

видео: Азаттық радиосы


Руслан Меделбек