19 ақп, 2025 сағат 13:49

«Салықтан жалтарғандар»: Тізімге енген танымал адамдар мен мамандар не дейді?

Фото: Ашық дереккөз

Мемлекеттік кірістер комитеті жүздеген жеке тұлғаның декларациясында табысты төмендетіп көрсеткенін анықтады. Олардың ішінде блогерлер мен эстрада әншілері де бар.

Салықшылар декларацияларды тексеру кезінде мемлекеттік органдар мен банктерден алынған ақпаратпен де салыстырып отырады. Осы жолы 594 жеке тұлға өз табысын 53,3 миллиард теңгеге төмендетіп көрсеткен.

«Осыған байланысты 13-14 ақпан аралығында кірістерді төмендету бұзушылықтары бойынша камералдық бақылау хабарламалары жіберілді. Хабарламаны орындау үшін дербес есептелген салықтарды төлей отырып, қосымша салық есептілігі тапсырылады немесе хабарламамен келіспеген жағдайда түсіндірмені ұсыну қажет», - дейді салықшылар.


Камералдық бақылау хабарламасы 30 жұмыс күні ішінде орындалуы шарт.

Осы орайда Ult.kz тілшісі жоғарыда аталған тізімге енген тұлғалар мен арнайы мамандардан жөн біліп көрді.

Макроэкономист, зерттеуші Аягөз Ханеттің айтуынша, экономикада «Laffer Curves» – Лаффер қисығы тұжырымдамасы бар. Ол салық мөлшері мен салық түсімдері арасындағы байланысты көрсетеді.


Фото: Аягөз Ханеттің жеке мұрағатынан

«Қисық дөңес пішінде болады – «Ո». Бұл  дөңестің тура ортасындағы нүкте «салық ставкасының максимумы», яғни бұл нүктеге дейінгі көтерілген ставкалардағы салықтан түсімдер артады, ал сол нүктеден бастап түсімдер азаяды (оң жағы). Яғни бастысы осы «нүктеден» қателеспеу, әйтпесе қауіпті аймаққа өтіп кетеміз.
Бізде ҚҚС-ын бірден 12-ден 20-ға дейін, яғни 67%-ға өсіру бұл «фискалдық шок». Әдетте, мұндай реформалар жасау үшін тек одан келетін түсімдерді ғана емес, бұл «шоктың» қаншалықты оптимал көрсеткіш екенін дәлелдейтін модель және экономикаға қандай импульс беретіні сарапталған талдау жұмысы болуы керек (бізде бар ма, жоқ па білмедім). ҚҚС мөлшерін көтерудің салық түсімдеріне ықпалын Лаффер қисығы арқылы талдап көрелік. Еуропа Одағына кірген 27 елдегі 1995–2011 жылдар аралығындағы салық мөлшерлемесін арттыру реформасына қатысты зерттеуге сүйенсек, салық түсімдерін арттыра берсе, ол белгілі бір шекке жеткен соң  әрі қарай азаятыны байқалған. Бұл парадокс Лаффер қисығы арқылы түсіндірілген.  ҚҚС ставкасы өзгеріссіз қалса да, түрлі экономикалық цикл кезеңінде салық түсімі әртүрлі болған. Яғни экономика қарқынды өскен уақытта салық түсімдері де көп болған, ал рецессия кезеңінде аз болған. Рецессия кезеңінде Лаффер қисығы өзгереді, ол салық түсімінің ҚҚС ставкасының өзгеруіне әлдеқайда сезімтал болатынын білдіред, яғни, бизнес пен тұтынушылардың реакциясы тез болады», – дейді макроэкономист Аягөз Ханет.


Сонымен қатар, қаржы маманы «қосымша құн салығы ставкасын көтеру тұтынуға және бизнес ашықтығына қалай ықпал етеді?» деген сауалға да жауап бере кетті. Оның сөзінше, «салық тұзағына» түсіп қалмаудың ьірнеше жолы бар.

«ҚҚС артқан сайын тауар қымбаттайды, тұтынушылар қымбат және қосымша тауарларды тұтынуды азайтып, қажетті тауарларды ғана сатып алады. Тұтыну азайған сайын, өндіріс азаяды, демек экономиканың өсуі баяулайды, демек «салық тұзағына» түсу қаупі туындайды. (Дереккөз: Heijman & van Ophem (2005): Willingness to Pay Tax: The Laffer Curve Revisited for 12 OECD Countries).
Қауіпті аймаққа өтіп, «салық тұзағына» түсіп қалмау үшін қандай ұсыныстар жасар едім: бюджеттегі тиімсіз шығындардан арылу; бизнестің ашық жұмыс істеуін ынталандыратын шаралар қабылдау; заңсыз әрекеттердің (жемқорлықтың) алдын алуға бағытталған шараларды күшейту арқылы салық тәртібін жақсарту; азаматтардың салық жүйесіне деген сенімін арттыру; дифференцияланған ставкалар енгізу; жалпы әлемдік тәжірибені мұқият зерттеу; кез келген шешімді зерттеуге сүйеніп қабылдау», – дейді Аягөз Ханет.


Сонымен кеше «салықтан жалтарған» деген тізім әлеуметтік желіні шарлап кетті. Оның ішінде белгілі блогерлер, эстрада әншілері мен психологтар да бар.


Фото: Әлеуметтік желіден

Аталған тізімді көріп, өздері де «таңғалып» жатқандар бар. Бұл туралы тележүргізуші Ляйлә Сұлтанқызы Facebook парақшасында жазды.


Фото: Ляйлә Сұлтанқызының Facebook парақшасынан


«Қымбатты оқырманым,   әлеуметтік желіде тарап жатқан мына суретті маған жарыса жіберіп жатыр екенсіздер. Өзгелер үшін жауап бере алмаймын. Мен соңғы 5-6 жылда дара кәсіпкер ретінде тіркеліп, заңды түрде салығымды төлеп отырмын. Бірақ бірден айтайын, менің оборотым мына жерде көрсетілген сомаға сай келмейді. Әрі 2023 жылы 10 шілдеде күшіне енген Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы.
Қазақстан Республикасының Заңына сай толығымен жұмыс істеп жатырмын деп сенімді түрде айта аламын. Мен өзім салық, құжат дегендерге бей-жай қарай алмайтын адаммын. Оны көмекшілерім де,  заңгерім де, есепшім де (бухгалтер) растай алады», – деп жазды Ляйлә Сұлтанқызы.


Сондай-ақ, тележүргізуші алдағы уақытта салық органдарына  жүгініп, міндетті түрде қайта тексерісті талап ететінін айтты. Оның сөзінше, салықтан ешкім жалтармайды, жалтармауы да тиіс.

Салық туралы жарияланған 31 адамның қатарына енгендердің бірі – кәсіпкер Сырымбек Тау. Ол жоғарыда аталған тізімге қатысты пікірін білдіргенде, өзінің қатысы компаниялар кемінде 10 миллиард теңгеден астам салық төлегенін алға тартып отыр.

Фото: Сырымбек Таудың  Facebook парақшасынан


«Ал 114 миллион теңгеге жарнама жасап, салық төлемеді немесе блогер ретінде 114 миллион теңге табыс тапты деген ақпарат түсініксіз. Осы мәселеге қатысты есепшім барлық құжаттарды мұқият тексеріп, 2022-2023 жылдарға қатысты мән-жайды анықтайды.
Естеріңізде болса, туған күнімде ешқандай сыйлық қабылдамай, «Мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған оңалту орталығына көмектесейік» деген бастама көтердім. Сол кезде 77 миллион теңге жиналып, оның үстіне өз қаражатымнан қомақты үлес қосып, орталыққа бердік. Қазіргі күнге дейін сол орталықтың шығынын өз мойныма алып келемін. Бүгінде ай сайын 300-ден астам бала тегін емделеді.
Егер банктік карталарға түскен қаражаттарды осылай салық есебіне енгізетін болса, онда әрбір Қазақстан азаматының картасы тексерілуі мүмкін. Бұл жағдай сіздің де басыңызға түсуі ғажап емес, сол себепті кіріс-шығысыңызды есептеп жүргеніңіз абзал», – дейді Сырымбек Тау.


Сонымен қатар, кәсіпкер жарнама арқылы ақша таппағанын, өз кәсібі бар екенін, табысы өзіне жеткілікті азамат екенін тілге тиек етті.

Жоғарыда көрсетілген «салықтан жалтарды» деген блогерлер тізімі бірнеше телеграмм арналар мен әлеуметтік желілерде жарияланды. Осы орайда Ult.kz тілшісі Мемлекеттік кірістер комитетінен осы тізімге қатысты түсініктеме беруді сұрады. Көрсетілген жердегі сумма жалпы жылдық айналым ба, әлде салық суммасы ма, жалпы бұл тізім рас па, жалған ба, әлі белгісіз. Мемлекеттік кірістер комитетінен жауап болса, материал тағы да толықтырылады. 

Ақбота Мұсабекқызы