Фото: Айжан Алхабек
Ult.kz-те жиһанкез журналист Динара Болаттың өзге пайымы
Көктем, алдымыз жаз. Таза ауада, көк өскіннің ортасында жүріп серуендеп, саябақта демалатын кезең басталды. Қазірдің өзінде күн жылынып, ағаштар гүлдеп, келушілері көбейіп, саябақтарға жан біте түсті. Бір адам өз ойларын тиянақтап, демалу үшін келсе, біреулер отбасы, достарымен әдемі естеліктер жинауға келеді. Соңғы жылдары саябақта пикник жасау, спортпен шұғылдану қала тұрғындарының қалыпты, тұрақты әдетіне айналды. Саябақ мәдениеті сақталса қай көріністе әдемі-ақ.
Жыл сайын саябақтардағы басты мәселе ‒ тазалық сақтау болып тұр. Осы орайда саябақта уақыт өткізудің де өз мәдениеті бар екенін айту керек.
Мәселен жалғыз, әлде бірнеше адам жүре ме, өзінен кейін қоқысты жинап, арнайы қоқыс жәшіктеріне тастау керек. Табиғатқа құрметпен қарау да өзекті. Әсіресе қазір алма, шие ағаштары, бөртегүл гүлдеп жатқан кезде оны жұлып, үйге әкетпеу, қоршалған, басуға болмайды деген жерлерді басып өтпеу, гүлзарларды бүлдірмеу секілді қарапайым әдептен шыққан тәртіптерді сақтау қажет.
Одан бөлек, соңғы жылдары кішкентай күшіктерімен саябақтарда қыдыру біздің қоғамда да сән бола бастады. Олардың да арнайы орындарда дәрет сындыруын қадағалау, не соңынан жинап жүру қажет.
Саябаққа келген әр адам өзіндей демалуға келгендерге құрметпен қарау, қатты сөйлемеу, балағат сөз айтпау, музыканың дауысын жоғары қоймау, жүгірушілерге, велосипедпен жүрушілерге арналған жолақтармен жүрмеу ‒ мұның барлығы саябақ мәдениетіне жатады.
Бұл орайда халқы саябаққа жиі баратын Жапония, Германия, Франция, АҚШ тәжірибесінен үлгі алуға болады.
Жапонияда саябақтардағы тазалық таңғалдырады. Бұл елде жалпы қоқыс жәшіктері өте сирек кездеседі, тіпті кейбір бақтарда болмайды да. Десе де әр келуші қоқысты өзімен бірге әкетіп, үйіндегі қоқыс жәшігіне салады.
Фото: Динара Болаттың жеке мұрағатынан
Франция, Германия саябақтарында иттерді серуендеткен кезде арнайы дорбалар қолдану міндетті. Тіпті саябақ кіреберісінде сол жануарларға арналған дорбалар тегін тұрады. Одан бөлек, Еуропа саябақтарында арнайы тыныштық зоналары пикник өткізетін жерлерден бөлек орналасқанын байқауға болады.
Ал қатаң айыппұл елі саналатын Сингапурда саябақ мәдениеті тәртіп бұзған келушіге бір еңбекақы көлемінде айыппұл салынумен бақыланады.
ПАЙЫМ
Еліміздің бас қаласы жылдан жылға саябақтарды көбейтіп, жағдайларын жақсартып, «саябақтар қаласы» болуға ұмтылып келеді. Қуанарлық жағдай. Алайда елімізде саябақтарға жағдай жасаумен бірге сол жасалынған игілікті қорғап, сақтау шараларын қоса қарастырса екен. Әрине тазалық пен тәртіп ‒ әр келушінің өз ар ұятында, адамзат алдындағы жеке жауапкершілігінде. Дегенмен саябақта демалу мәдениетіне енді жетіп жатқан халыққа саябақ тазалығы, демалу әдебі бойынша нұсқаулықтар жасап, ескертіп, ортақ кеңістікке сыйластықпен қарауды үйретіп жіберсе артық етпейтіні анық.