22 сәу, 2019 сағат 10:52

Сайлау-2019. Лингвистикалық комиссия төрағасы тағайындалды

ҚР Президенттігіне кандидаттардың мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін анықтайтын лингвистикалық комиссия төрағасы сайланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл қызметке филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті түркология кафедрасының меңгерушісі Мырзатай Жолдасбеков лайық деп танылған.

«Өздеріңіз білесіздер, Конституциялық Кеңес шешіміне сәйкес, Орталық сайлау комиссиясы Лингвистикалық комиссия құрды. Оның құрамына елімізге белгілі азаматтар енді. Бүгін бірінші мәжілісімізді өткізіп, сынақ талаптарын пысықтадық. Жасым үлкен, жолым үлкен деді ме, комиссия төрағасы ретінде бірауыздан мені сайлады. Комиссия хатшысы қызметіне профессор Гүлтас Құрманбай бекітілді», - деді Лингвистикалық комиссия төрағасы Мырзатай Жолдасбеков Орталық сайлау комиссиясында өткен брифингте.

Отырыстан кейін лингвистикалық комиссия төрағасы Мырзатай Жолдасбеков үміткерлер тапсыратын емтихан талаптарын түсіндірді.

Төрағаның айтуынша, емтихан үш кезеңнен құралған.

«Бірінші кезеңде үміткер конвертте жасырылған тақырыптардың біріне жазбаша жұмыс тапсырады. Жазбаша жұмыс 2 беттен аспауы керек, оны жазуға 1 сағат уақыт беріледі. Егер үміткер 1 сағатта жазып бітіре алмаса, комиссия ақылдаса келе, қосымша жарты сағат бере алады. Комиссия мүшелері жұмысты мұқият тексереді, әріп қатесін, тыныс белгілерін қадағалайды. Мәселен, 8 орфографиялық қате табылса, екілік қойылады», - деді Лингвистикалық комиссия төрағасы Мырзатай Жолдасбеков Орталық сайлау комиссиясында өткен брифингте.

Екінші кезеңде үміткер комиссия ұсынған көлемі үш беттен аспайтын мәтінді дауыстап оқиды. 

«Үміткерлер оқитын кітаптарды бекіттік. Оған тек қазақ ақын-жазушыларының мұрасын алдық. Комиссия ұсынған кітаптардың бірінен үміткер 15 минут үзінді оқиды. Бұл кезеңде үміткердің дауыс ырғағы, оқу мәнері бағаланады. Яғни, Президент болатын қайраткер мемлекеттік тілде еркін оқи алуы керек деп есептейміз», - деді М. Жолдасбеков.

Үшінші кезеңде үміткер лингвистикалық комиссия берген тақырыптардың біріне сөз сөйлеуі қажет.

«Оның да тақырыптары конвертке салынып, бекітілген. Әсіресе, тақырыптар қазақ халқының тарихы, мәдениеті, жетістіктері жөнінде болмақ. Үміткердің сөз сөйлеуі комиссияны қанағаттандырмаса, тақырыпты тереңірек ашу үшін қосымша сұрақтар қоюымыз мүмкін. Апелляция бұған дейінгі сайлауларда тәжірибемізде кездеспеген. Егер үміткерлер тарапынан шағым түссе, Орталық сайлау комиссиясы шешім қабылдап, апелляцияны талқылайтын боламыз», - деді төраға. 

Атап өткен жөн, лингвистикалық комиссия отырысына оның мүшелері мен ҚР Президенттігіне үміткерден басқа, ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшелері байқаушылар ретінде қатысады. Лингвистикалық комиссияның шешімі комиссия мүшелері санының көпшілік даусымен ашық дауыс беру арқылы қабылданады, отырыс хаттамасымен рәсімделеді.

Еске сала кетейік, 2019 жылдың 9 маусымында елімізде кезектен тыс президенттік сайлау өтеді.

19 сәуірде ҚР Орталық сайлау комиссиясы жанынан президенттікке үміткерлердің мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін анықтайтын лингвистикалық комиссия құрылды. Оның құрамына Мырзатай Жолдасбеков, Әділ Ахметов, Ғарифолла Есім, Серік Қасқабасов, Гүлтас Құрманбай, Ерден Қажыбек енді.