Фото: Ақмола облысы ТЖД
Щучинск қаласында болған жойқын жарылыс жеті адамның өмірін қиды. Тағы ондаған адам түрлі деңгейде жарақат алды. Қайғылы оқиғаға байланысты жергілікті билік марқұмдардың отбасына және зардап шеккендерге біржолғы қаржылай көмек көрсетілетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Ult.kz.
Щучинск қаласындағы дәмханада болған жарылыстан кейін жағдай жедел бақылауға алынып, арнайы штаб құрылған. Бұл туралы Бурабай ауданы әкімі Арай Садықов хабарлады.
Оның айтуынша, қаза тапқандардың отбасына 2 миллион теңгеден, ал жарақат алған азаматтарға 1 миллион теңгеден біржолғы материалдық көмек беріледі. Сонымен қатар әкімдік жерлеу рәсімдерін ұйымдастыруды өз мойнына алған.
Дәрігерлердің мәліметінше, жарылыс салдарынан 4 адамның жағдайы өте ауыр. Жалпы оқиға орнында 5 адам көз жұмса, тағы екі адам ауруханаға жеткізілгеннен кейін қайтыс болған.
Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысы Нариман Ермекнің айтуынша, Бурабай аудандық ауруханасының жансақтау бөлімінде ауыр және аса ауыр халдегі төрт науқас жатыр. Үш адам травматология бөлімінде ем қабылдауда, сегізі амбулаториялық бақылауда. Алты науқас Көкшетау қаласындағы көпсалалы облыстық ауруханаға жеткізілген.
Еске салайық, 26 ақпан күні сағат 22:01-де Центр плова дәмханасында газ-ауа қоспасы жарылып, 7 адам қаза тапты. Жалпы 21 адам зардап шекті, олардың арасында 16 жастағы жасөспірім қыз бар.
Қазір жарылыстың нақты себебі анықталып жатыр. Қоғам назарын аудартқан бұл оқиға қауіпсіздік талаптарының сақталуына қатысты өткір сұрақтарды қайта көтерді.
